02-09-2021
23.3 C
Шымкент

Қазақ-Қытай экономикалық байланысы нығая түспек

Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Қытайдың Шаньси провинциясының делегациясын бастап келген Шаньси провинциясының Халықаралық сауданы қолдау комитеті төрағасының орынбасары Цзинь Чэнфумен кездесті. шаньси

Бұл — Қытай тарапынан жауап ретінде жасалып отырған сапар. Себебі, оңтүстікқазақстандық іскер топ үстіміздегі жылдың қаңтар айында Қытай Халық Республикасында іссапармен болды.

Атап өткен жөн, Шаньси — ОҚО үшін стратегиялық маңызы зор әріптес. Оған дәлел ретінде ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Провинцияның халық саны — 40 млн., сонымен қатар мұнда Қытай бойынша ең жоғарғы жалпы аймақтық өнім көрсеткіші тіркелген — 160 млрд. АҚШ доллары.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 18-25 қаңтар аралығында инвестиция тарту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының бір топ делегациясы Қытай Халық Республикасына іскерлік сапармен барды. Оның шеңберінде Шаньси, Хэбей және Шандунь провинцияларындағы ірі кәсіпорындарында болып, келіссөздер жүргізді.

Екі ел арасында қалыптасқан экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және аймаққа мейлінше мол инвестиция тарту мақсатымен ағымдағы жылдың қараша-желтоқсан айларында Қытай мемлекетінде ОҚО кәсіпкерлерінің қатысуымен кеңкөлемді роуд-шоу өткізу жоспарлануда.

Облыстық әкімшілікте бүгін өткен екіжақты келіссөздер барысында Шымкентте Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын ашу және қытайлық инвесторларды өңірге тарту мәселелері бойынша келісімге қол жеткізілді.

Шымкентте таулы-шахталы кәсіпорындарға арналған локомотивтерді және фотоэлектрлі өнімдер мен күн сәулесі электростанцияларына арналған жабдықтарды шығарумен айналысатын зауыттарды салуға қатысты келешек жоспарлар да әңгіме арқауына айналды.

Кездесу қорытындысы бойынша пекиндік Қазақ-Қытай бірлескен инвестициялық компаниясы мен «Оңтүстік» индустриалды аймағы басқарушы компаниясы» ЖШС арасында ынтымақтастық жөнінде Келісімге қол қойылды.

Қытай делегациясы ОҚО-да 6-шы қазанға дейін болады. Ол аралықта «Оңтүстік» индустриалды аймағы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы, сауда-логистикалық орталығы және Қазақстан-Түрік индустриалды аймағының мүмкіншіліктерімен танысады, деп хабарлайды ОҚО әкімі баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР