«Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының негізінде жаңа қазақстандық патриотизмнің базалық негіздерін ілгерілету бүгінде басты бағдар болып отыр. Жастарды отансүйгіштікте тәрбиелеу де назардан тыс қалған емес. Қазақстан әлем елдерімен терезесі теңелуі үшін бүгінгі ұрпақ ұлттық сана мен салт-дәстүріміздің негізіндегі идеологиямен сусындауы қажет. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған конференцияда осы тараптағы көптеген пікірлер айтылды. Конференцияға Оңтүстік Қазақстан облыстық ассамблея хатшылығының өкілдері, этномәдени орталық белсенділері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Студенттер де өздерін толғандырып жүрген ойларын ортаға салды. Пікірлер тоғысты. Бірі білім алу арқылы ғана биік шыңды бағындыруға болатынын баяндаса, екіншісі ұлттық салт-дәстүрді ұстын ету, атадан балаға мирас болған ұрпақтар сабақтастығын үзбеуді құп көрді.. Жас буынға қандай тәрбие берсең, келер ұрпақ сондай ғибрат алмақ. Ол үшін ата –бабамыздың өнегеге толы тұрмысы мен ел қорғаған батырларды насихаттайтын орталықтар ашылды.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Жұмахан Мырхалықов:
«Университетте Абай зерттеу орталығы, Саурық батырға арналған орталықтар бар. Мұның бәрі студенттеріміздің Отансүйгіш патриоттық сезімдерді қалыптастыру үшін жасалып отыр» деді. Жастарға рухани тәрбие беріп, патриоттық рухын көтеретін мұндай кездесулердің маңызы зор, әрине.