«Қазақстандық аяқ киім» дегенді жиі еститін болдық. Қуантатын жағдай. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде бірнеше аяқ киім шығаратын шағын цехтар жұмыс істеуде. Соның бірі Мақтарал ауданынан шығады. Қыстық, жаздық аяқ киімнің сан түрі самсап тұр. Бағасы төмен, сапасы жоғары. Қалтаны қақпайды. Былғарыдан жасалған сапалылары да, резеңкеден жасалған үйге киетін сүйретпелер де бар. Аудан кәсіпкерлері отандық өнім өндіруде тасын өрге домалатып отыр. «Хаят Р.У.Ж.» ЖШС-і 2014-ші жылы құрылған. Содан бері өндірісті үздіксіз дамытып келеді. Ералиев ауыл округінде орналасқан фабриканың жалпы құны — 675 миллион теңге. Толықтау түркиялық құрал жабдықтармен жабдықталған. Өндіріс орны жылына 1 миллион жұп қыстық, жаздық аяқ киім шығарады.
«Хаят Р.У.Ж.» ЖШС-нің директоры Ұлықбек Раджанов: «Кәсіпорында 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бәрі де ауыл тұрғындары. Тұрақты жалақылары бар» дейді. Бұл жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қанатын кеңге жайып отыр. Толық инфрақұрылыммен қамтылған. Сонымен қатар, кәсіпорынға жұмсалған шығынның 100 миллион теңгесін жеңілдетілген несие ретінде мемлекеттен алған. Бағдарлама серпін берген серіктестік алдағы уақытта жақын шетелдердің нарығына шығамыз деген үмітте. Облыс экономикасын өркендетуге қосып отырған үлесі қомақты.