test
04-07-2024
20.3 C
Шымкент

Шалғай ауылдар электр жарығынсыз қалмайды

Оңтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы елді мекенінде орналасқан шаруа қожалықтарды электр энергиясы және ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев германиялық профессорлармен кездесті.

Екі жақты кездесуге Бонн университетінің профессоры Штефан Курцман, Күн энергетикасы институтының директоры Ульф Герман, Күн энергетикасы институтының жаңғырмалы энергия көздері департаментінің басшысы Криштиану Боуран мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушы, профессорлары қатысты.

Онда қос тарап Германия мемлекетінің Юлих қаласындағы Күн энергетикасы институтының арнайы жобасын Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асыру жайын талқылады.

Сонымен қатар, профессор Ш.Курцман М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Германия мемлекетінің Юлих қаласындағы Күн энергетикасы институты арасында тығыз қарым-қатынас орнатылып, энергетика саласында инновациялық жаңа технологияларды дамыту бағытында бірқатар  ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Жоғарыда аталған бірлескен жобаның негізгі мақсаты арнайы жылжымалы қондырғылар орнату арқылы Қазақстанның шалғайда тұратын фермерлер мен мал шаруашылығымен айналысатын шағын бизнес өкілдерін  электр энергия және ауыз сумен қамтамасыз ету болып табылады.

Бұл арнайы жылжымалы қондырғы көбінесе күн энергиясын пайдалану арқылы жұмыс істей алады. Жоба нақты зерттеліп қондырғылар облысымызға орнатылатын жағдайда, қосымша жұмыс орындары ашылады.

Екі ел университетіне ортақ зерттеу жобасы болып табылатын инновациялық жаңа технологияларды дамыту ГФР Білім министрлігі жағынан қаржыландырылады. Кездесу барысында Жақып Құттыбекұлы аталған жобаның облысымызға қажеттілігінің өте жоғары екенін атап өтіп, облыс тарапынан германиялық делегаттарға жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР