16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Қазақ ұлттық мәдени орталығының мерейтойы өтті

Ташкентте Өзбекстан Республикасындағы қазақ ұлттық мәдени орталығының 25 жылдық мерейтойы өтті. Мерекелік шараға Оңтүстік Қазақстан облысынан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов бастаған делегация арнайы барып, көрші елдегі қазақ ағайындардың қуанышына ортақтасты.
Төлеби бабаның басына құран оқып, зиярат етуден басталған дүбірлі тойда сөз алған Мұратәлі Оразалыұлы Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының екі ел арсындағы достық қарым-қатынасты нығайту бағытындағы жұмысын жоғары бағалап, Қазақстан Халық Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбайдың, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың мерейтойға арнаған құттықтау хаттарын оқып берді.
Қазақстаннан әкелінген 750 дана кітап сол елде тұратын ағайындарға тарту етілді. Соған қоса, Ташкенттің төрінде қазақ ән-күйінің үні өшпесін деген ниетпен домбыра мен қобыз, Оңтүстік жұртшылығы атынан қазақ мәдени орталығына барлық жасау-жабдығы бар ақ шаңқан киіз үйді тарту етілді.
Мерекелік шарадан соң Қазақстаннан барған делегация Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаевтың қабылдауында болды. Әрі қарай, сондағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ташкенттегі тарихи-мәдени орындарды аралады.
Өзбекстан Республикасындағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсеновтың айтуынша бүгінде аталмыш елде 1,5 млн. қазақ тұрады. Қазақ тілінде оқытатын 396 мектеп бар. Қазақ мектептерін бітіргендер үшін 4 арнаулы оқу орнында білімін жалғастыруға мүмкіндік жасалған. Мәдени орталықтың жанынан құрылған әдебиет клубы өзбекстандық қазақ тілді ақын-жазушылардың кітабын шығаруға мұрындық болуда. Олардың шығармалары өзбек тіліне де аударылады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР