Оңтүстік Қазақстан облысындағы шардаралық шаруалар алғашқы бақша өнімін жинауды бастады. Кешегі күні Жаушықұм ауылдық округінде қарбыз егумен шұғылданып жатқан диқандар алғашқы 30 тонна өнімді Ресейдің Якутия автономиялық республикасына сатылымға жөнелтті. 2 гектар алқапқа жамылғы астына ерте пісетін қарбыз тұқымын отырғызған «Бағдат» шаруа қожалығының диқандары пленканы қос қаптама түрінде жауып шыққан екен. Бірінші болып егістік алқаптан өнім артқан қожалық төрағасы Б.Шыназбаев әр гектарынан кем дегенде 40 тн-дан қарбыз алудан үмітті. Аудан бойынша жаушықұмдық шаруалар жамылғы астына өнім егуден алдыңғы орында тұр. Ауыл әкімі Серік Махамбетовтің мәліметінше қазіргі таңда 3312 гектар аумаққа бақша дақылдары орналастырылған. Мұның 100 пайызы жамылғы астына егіліп отыр. Көктем басталысымен қарбалас тірлікке көшетін диқандар қауымы пленка астына дақыл егудің шығыны әр гектарына 500 мың теңгені шамалайтынын айтады. Дегенмен, нарыққа ерте шығарып үлгерсе шыққан шығынның орны толады. Осыдан бір күн бұрын, яғни 30 мамыр күні ерте піскен қарбыздың келісі 96 теңгеден жайынан сатылған.
Ең бастысы, шардаралық шаруалар биылғы жылы шегіртке шабуылынан аман. Аудан басшыларының күнделікті қадағалауының арқасында зиянкестермен күрес өз деңгейінде жүргізіліп, диқандардың алаңсыз тірлік жасауларына мүмкіндік туды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.