25-04-2024
20.3 C
Шымкент

Өзекті мәселелерді талқылады

ОҚО Отырар ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рыскелді Әліштің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева күн тәртібіндегі бірінші мәселеге сәйкес 2016-2017 оқу жылдарында мектеп бітіруші оқушыларды ҰБТ-ға дайындау жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады. Бөлім басшысының мәліметінше биыл аудандағы 23 мектепті 668 оқушы бітіргелі тұр. Олардың 464-і ҰБТ-ге қатысуға өтінішін берген. Ал, 35 Алтын белгі, 10 үздік оқушы ұзтаздарының үмітін ақтайды деген сенім бар. Оқушылар ҰБТ-ге қатысуға дайын.
Мұнан соң мінберге шыққан аудандық кәсіпкерлік бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Уайс Шойбек елімізде өткелі жатқан тарихи сәт «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жұмыстары туралы баяндады. Баяндамашы өз сөзінде «Отырар ауданы бойынша «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қатысуға 1539 адам ниет білдірген. Көрмеге ағылған туристер киелі Отырар ауданында орын тепкен «Арыстанбаб» кесенесі, Отырар төбе қалажұрты, Оқсыз қалажұрты мен Отырар мемлекеттік археологиялық және одан басқа көптеген тарихи орындарға саяхат жасайды деп күтілуде. Осыған байланысты Қазақ ұлтының сан мың жылдық этнографиялық құндылықтарын этно ауылы арқылы әлемге таныту, насихаттау үшін Қарақоңыр ауыл округі Бесторанғыл елді мекенінде «Алаш» этно ауылы бой көтерді. Жеке кәсіпкер Сыздықбеков Алмастың жеке қаржысына салынған «Алаш» этно ауылында ұмыт болып бара жатқан құнды жәдігерлеріміз, бағалы байлықтарымыз, асыл мұраларымыз, ұлттық мәдени құндылықтарымыз келушілер назарына ұсынылатын болады»,-деді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудан әкімі апаратының басшысы Абай Құрман баяндама жасап, аудан әкімдігінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің барысы туралы мәлімдеді. Жиын барысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рыскелді Әліш баяндамаларда айтылған мәселелерді жан-жақты зерттеп, зерделеп, олардың шешу жолдарын қарастыруды сала басшыларына жүктеді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР