«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағын ұлғайту көзделуде. Сондай-ақ басымды қызмет қатарына химия, мұнай-химия, құрылыс материалдарын өндіру ісі енгізілуі жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
2005 жылы құрылған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бүгінге дейін жалпы сомасы 27,8 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылған. Нәтижесінде мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда мұнда инвестиция көлемі 101,5 млрд.теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізбек.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына мемлекеттен бөлінген әр 1 теңгеге 3,4 теңге жеке инвестиция тартылды. Жалпы, аймақта бүгінгі таңға дейін 18,8 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, салық түсімі 1 млрд. теңгені құрады. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына әрі қарай инвесторларды тартып, мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін, экономикалық аймақтың қызмет түрін және аумағын қосымша кеңейтуді жоспарлап отырмыз», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, қазіргі уақытта облыс аумағында жалпы көлемі 699 га құрайтын 9 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Одан бөлек, қосымша 2 индустриялық аймақта инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Барлық индустриялық аймақтарда жалпы сомасы 198,3 млрд. теңгені құрайтын, 13 мың жұмыс орны ашылатын 170 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін инвестиция көлемі 36,4 млрд. теңгені құрайтын 4 мыңнан астам жұмыс орны бар 66 жоба іске қосылған.
2017 жылы құны 8,6 млрд. теңгені құрайтын, 462 жаңа жұмыс орны ашылатын 13 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі