test
14-07-2024
32.3 C
Шымкент

Қазақстан азаматы екенін мақтан етеді

Түркістандық тәртіп сақшысы Евгений Кульков қазақша сөйлегенде талайды жаңылдырады. Себебі, оның өскен ортасы қазақтар болды. Женя үнемі қазақтың қарадомалақ балаларымен тай-құлындай тебісіп, қатар өскенін мақтанып жүреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. Евгений Кульков 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында орыс отбасында дүниеге келген. Оның балалық шағы қазақ достарымен өтті. Евгенийдің бүкіл өміріне, оның қазақ тілін үйреніп, ислам дінін қабылдауына себепші болған да осы достары. Мектепте орыс сыныбында оқығанымен, орта білімді қазақ тобында алды. Жанындағы үзеңгілес достарымен бірге болу үшін ол қазақ тобына түсті. Ал, бала кездегі арнайы жасақ сарбазы боламын деген арманы оны спортқа жетеледі. Дзюдо, самбо, қазақша күрес, грепплинг секілді кілемде белдесетін спорт түрлерімен айналысып, ақыры арманына жетті. Қазіргі таңда ол — Түркістан қалалық ІІБ Арнайы жасағының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты. Сонымен қатар Басқарманың мықты балуаны, дүлділ спортшысы. Облыстық ішкі істер департаментінің мақтанышы. 2011 жылы Қарағандыда өткен Қазақстан чемпионатында грепплинг күресінен 1 орынды иеленген. Одан қала берді, 2014 жылы ішкі істер органдары арасында өткен қоян-қолтық күрестен 2-орынды жеңіп алған. Осындай жетістіктерге қол жеткізген полицей қазақ тілін білуімнің арқасында өмірлік достар таптым дем мақтанады. Мемлекеттік тілді меңгеруді әрбір адам отбасынан бастауы керек деп есептейтін полиция аға лейтенанты бүгінде өзі де бір отбасының отағасы. «Әйелім — қазақтың қызы. Мен қазақтардың арасында туып-өскендіктен, болашақ жарымды таңдауда қазақ қыздарынан өзгелерді байқаған да жоқпын. Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын ислам дінін қабылдадым. Және әйелім де мұсылман болғанын қаладым. Қазір Әмина және Амир есімді ұлым мен қызым бар. Отбасында да үнемі қазақша тәлім тәрбие беріп, қазақша сөйлесеміз»,-дейді ол. Евгений балаларының да қазақы тәрбие алуына баса назар аударады. Кішкентай Әмина қазақ балабақшасына барады. Тіпті, тек қана қазақ тілінде ақпар тарататын «Балапан» телеарнасын ғана тамашалайтынын да қуана жеткізді. Бұл отбасы түрлі ұлттар арасындағы түсіністік пен татулықтың маңызды екенін тағы бір дәлелдегендей болды. Бір шаңырақтың астында, солардың тілі мен мәдениетінде өмір сүру — нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Десе де тәртіп сақшысы қазақ тілінің бүгінгі тағдырына да алаңдайды. Қазақ тілінің қолданылу аясы төңірегінде сөз қозғағанда орыс ұлтының өкілі бірқатар мысалдарды атап кетті. «Жұмыс барысымен қызметтік іс-сапарларға, түрлі жарыстарға көбінде солтүстік, батыс өңірлерге барып тұрамын. Сол кезде қазақтарға қазақша сөйлеп тұрсам, олар маған орысша жауап беріп тұратын жағдайлар кездеседі. Өзіне керек болмаған тілді өзге ел қайдан үйренсін?! Құрылымда да жалғыз орыспын. Бәрі де қалай жүрсің, қызмет барысында қиын болмайды ма деп сұрап жатады. Ал мен, керісінше қазақтармен тіл табысу өте оңай. Олар өте бауырмал, кішіпейіл, үнемі көмекке даяр тұратындықтарын айтып жүремін. Кейде қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақ тілін менсінбейтін бауырларымызды көріп жаным ашиды»,-дейді ол. Осы мысал арқылы Евгений қазақ тілі мен елін өзіміз құрметтемесек, оның мәртебесінің биіктемейтінін түсіндіргісі келеді. Ол өзінің болашағын Қазақстанмен ғана байланыстырады және қазақ елінің азаматы екенін мақтан тұтады. Сондай-ақ, Қазақстанда қазақ тілі қашанда бірінші орыннан көрінуі керек деп есептейді. Қазақстанның мемлекеттік тілін білу өзінің де азаматтық борышы екенін түйсінеді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР