Жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру жағдайында және рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие беру факторы ретінде балалар мен жастардың орындаушылық шығармашылығын қолдау мақсатында балалар мен жастар музыкалық ансамбльдері мен оркестрлерінің бірінші шеруі болып өтті. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында өткен шараға қатысушылар өте көп болды. Отансүйгіш патриоттарды тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шараның мақсаты да ауқымды. Бұл жоба еліміздің барлық білім беру ұйымдарының барлық шығармашылық ұйымдарын біріктіруге бағытталған болатын. Созақ ауданының беткеұстар музыкалық ұжымы Ахмет Жұбанов атындағы Созақ балалар саз мектебінің білім алушылары Сүгірдің «Бозінген» күйін орындады. Бүгінде аталған музыка мектебінің шәкірттері биіктерден көрініп жүр. Ауданның атын шығарып көптеген бәйгелерден қанжығасы бос қайтқан емес. Мұндай шаралардың мектеп оқышуларына да, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының білімгерлеріне берер тағылымы мол. Олар Қазақстан атты алып Отанын мәңгілік сүйіп өтуге, Ата заңын сақтауға, қоғамдағы тыныштықты сақтауға деген құлшыныстары артары сөзсіз.