26-04-2024
15.3 C
Шымкент

Түйеқұс өсіру – табыс кепілі

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласының тұрғыны Нәліпан Мырзақұлов өз ауласында Қазақстанда сирек кездесетін түйеқұстарды өсіруде. Әзірге балапан кезінен бағып-қаққан 17 бас құсы бар. Шаруа ерекше тіршілік иесінің тұқымын көбейтіп, оны кәсіп көзіне айналдырғысы келеді. Алайда, бұл шаруашылыққа мемлекеттен қолдау жоқ,-дейді. Бұл түйеқұстар – жабайы құс болғанымен, Түркістанға тез жерсінді.  Арнайы қоршау ішінде тұрады. Сырт көзге сұсты көрінгенімен, жақын барсаңыз, өзіне баурай түсетіні бар. Нәліпан Мырзақұлов – Шаруа: «Бұрын ойламаппын, бір күні интернеттен көрдім да бұны, сосын қызықтым. Бұл өте пайдалы құс. Еті деликатес. Қауырсыны да емге дауа. Көрінісі де әсем». Түйеқұсты өсіру аса қиын шаруа емес. Тез жерсінеді. Шөл жерлерде де төзімді. Жем-шөбін уақытылы берсеңіз, пайдасы – көл-көсір. Жұмыртқасының 1 данасы 5 мың мен 10 мың теңге шамасында. 20 адамды тойдыруға болады. Еті холестеринсіз. Жүрек ауруына пайдалы. Бұл құс 40-50 жылдан астам өмір сүреді. Нағыз тұрақты кәсіпке арқау. Сондықтан шағын бизнеске тек Мырзақұловтар отбасы ғана емес, мұқым Түркістан жұрты қызығушылық білдіріп отыр. Жақсы істі көруге құмарлар көп. Бұл бір жағынан рухани астананың туризм саласына өзіндік үлесін қосуда. Сондықтан да жергілікті билік қарапайым шаруаның өтінішін қолдауға бар. Нәліпан Мырзақұловқа шаруасын дөңгелету үшін Түркістаннан Отырарға барар жол бойынан 10 соттық жер телімі мемлекет тарапынан берілген. Мұнда түйеқұстардан бөлек, 10 тауыс өсіріледі. Азаматтың жоспары айқын. Күре жол бойынан арнайы зообақ ашып, қазақ баласының таңсық кәсіпті ұршықша иіргенін көрсеткісі келеді.

П.Биназарқызы

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР