Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданында сан салада ілгерілеушілік байқалады. Ерекше табиғатымен дараланған аумақта туризмнің аяқ алысы да қарқынды. Соңғы 4 айдың өзінде 7,5 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысы жүйеленген. Бұл туралы аудан әкімі Бұхарбай Парманов журналистерге арналған баспасөз-брифингісінде мәлімдеді. Тәуелсіздік жылдары Төлеби ауданында жаңадан 29 мектеп салынып, үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім ұяларының проблемасы түбегейлі шешілген. Ал, азаматтарды таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 95 пайызға жеткен. Бірақ, кейбір істің кері кеткені де аңғарылады. Мәселен, осыдан алты жыл бұрын аудан орталығын ауызсумен қамту үшін 4 млрд. теңге бөлінгенімен, тұрғындар әлі күнге дейін сапалы суға қол жеткізе алмай отыр. Таулы ауданда қазір 40-тан астам туристік нысан бар. Олардан бюджетке жылына 80 млн. теңге көлемінде қаржы түседі. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін қазір ауданда жолдар жөнделуде. Осындай бастамалардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 1,1 пайызға кеміген. Қазір еліміз бойынша ұсақ шаруаларды ірілендіру бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта төлебиліктердің де қадамы қарышты. Бүгінде 10 кооператив құрылып, жұмысын сәтті бастаған. Егер осы іс нәтижесін берсе, онда ірі қожалықтардың саны артады.
ПЕРИЗАТ Биназарқызы