Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сайрам ауданындағы Арыс ауылдық округінде екі нысанның ашылуына куә болдық. Аудан әкімі Самат Сапарбаев алдымен ауыл орталығындағы балаларға арналған спорт алаңшасының ашылуында болды. Баскетбол, кіші футболға арналған алаңша аудандық бюджеттің есебінен салынып отыр. Өздеріне арнап осындай керемет алаңша салынғанына әсіресе балаларға қуанулы. Енді жаз бойы спорт алаңшасының көрігін қыздыратын болдық деп мәз. Қуанышты сәтті бөліскен ауыл тұрғындары жергілікті билікке алғыстарын білдірді. Мұнан соң Арыс өзенінің бойындағы «Болашақ» сауықтыру лагерінің маусымдық ашылу рәсімі өтті. 50 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан лагерь жөндеу жұмыстарынан тіпті құлпырған. Биыл да мұнда аудан оқушылары алты маусымда демалады. Яғни, 1800 дей бала жаз қызығын осында өткізбек. Демалушылар 5 мезгіл тамақпен қамтылып, түрлі спорттық шараларға қатысады. Бар жақсылық балаларға деген ұранды сайрамдық басшылар ұстын етіп алған. Қолдарынан келгенінше балаларды қуантуға барын салуда. Алдағы уақытта басқа аулаларда да осындай алаңшалар салу жоспарда бар.
«Мәртөбе-ақпарат»