Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Кентауда бүгінде ескірген электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жуырда ғана жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайтын жаңа желіні тарту жұмыстары басталды. Жаңа желі кент маңындағы Хантағы ауылын да жалғап жатыр. Мұнымен де шектеліп қалмай 11 трансформатор қондырғысы да жаңалануда. Елдімекенді жалғап жатқан 4 шақырымға жуық жерге 141 жаңа темір бетонды бағана орнатылуда. Аталған жұмысты 6 техника мен 15 жұмысшы еңбектенуде. Ауқымды жұмысты “Оңтүстік Жарық Транзит” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жаңа бағаналар мен арнайы оқшауланған желінің тартылып жатқанына әсіресе, Хантағы ауылының тұрғындары ерекше қуанулы. Оған себеп те жоқ емес. Осыдан елу жыл бұрын тартылған желілер бүгінде құлауға шақ қалған болатын. Қыстың қатты аяздарында, қатты жел соққанда электр жарығы жиі сөніп қалатын-ды. Тозығы жеткен ескі ағаш бағаналар осылайша жаңасына алмастырылып жатыр. Бітуіне де аз ғана уақыт қалды. Жаңа бағаналар мен желілер елді мекенге берілетін электр қуатының сапасын жасқартатыны анық. Аптап ыстыққа қарамай энергетиктер еңбектеніп жатыр. Техникамен толық жарақтандырылған энергетиктер бүгінде жұмыс қарқынын үдетіп, мерзімінен бұрын тапсыру үшін талаптанып жатыр. Кенді қаланың өзіндегі шаһар ішілік трансформаторлардың биылғы жоспарға алынғаны түгелдей жаңартылып бітті. Тіпті, жаңа бағаналар мен желілер де тартылып қойған. Енді абоненттеу ісі де аяқталуға жақын. Хантағы ауылының тұрғындарының қуанышын еселеген ауқымды жұмыс маусым айының соңында аяқталып қалады.