Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби, Сайрам аудандарынан қала құрамына енген Тоғыс, Елтай, Қаратөбе, Сайрам тұрғыналабы тұрғындарының назарына! Азаматтар енді құжаттандыру ісі бойынша қала орталығына барып, бірнеше табалдырықты тоздырып бәйек болмайды. Өйткені, осы аумақ үшін Қапал батыр көшесіндегі №8 Халыққа қызмет көрсету орталығынан нүкте ашылды. Бұған дейін жер құжаттарын рәсімдеу, төл құжат алу үшін осы айналадағы халық Мәделі қожа көшесінде орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығына сабылатын. Енді олай етіп, уақыт жоғалтудың жөні жоқ. Өйткені, сол қызметтердің барлығы осы орталықта да көрсетіледі. Сонымен қатар, көші-қон қызметіне қатысты құжаттар да қазір №8 бөлімшеде жүзеге асып жатыр. Мұның барлығы қала құрамына енген халықтың құжаттандыру ісін жеңілдету үшін жасалған. Қайрат Мырзатаев — №8 ХҚКО-ның бөлім басшысы «Азаматтарға барынша ыңғайлы қызмет көрсету мақсатында соңғы бір аптаның көлемінде біз қосымша құжаттардың рәсімдеу жұмысын жолға қойдық. Енді азаматтар уақыт жоғалтпай, осында келіп, өз жұмыстарын бітіре алады.» Орталық жаңа кестемен жұмыс істеуді бір апта бұрын бастады. Қазір мұнда құжаттандыру ісінен бөлек, «ФРОНТ-ОФИС» жобасы да жүзеге асуда. Ол жерге азаматтар әкімшілікке қатысты барлық арыз-шағымдарын қалдыра алады. Өздері үшін «жаңашылдық» болып есептелетін бұл іске тұрғындардың ризашылығы шексіз. Светлана Куркина – Шымкент қаласының тұрғыны «Міне, нағыз қалалық тұрғынға айналғанымызды сезініп отырмыз. Қызмет сапасы жоғары. Аптап ыстықта әуре болмадым. Құжаттарымды бір жерде-ақ лезде рәсімдей алдым. Алдын ондай жұмысты бітіру үшін басқа жаққа баратын едік. Енді жақын жердегі орталықта болғаны мені қуантып отыр». Құжаттандыру ісінде азаматтарға барынша ыңғайлы жағдай жасауды қолға алған орталық алдағы уақытта тағы бір тың жобаны бастайды. Ол жүзеге асса, тұрғындар өздеріне қажетті құжатты кез-келген бөлімшеде ала алады.
МАҚСҰТ Жарылқасын