Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде облыстық жас туристер станциясымен бірлесіп «Оңтүстік Қазақстан облысындағы балалар мен жасөспірімдер туризмінің жағдайы және оны дамыту» атты іс-шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты облыста балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту, өлке тарихын оқып білу және мәдени мұрамызды насихаттау, облыс аймағындағы мәдени нысандар мен табиғат орындарына экскурсия ұйымдастыру, гид-экскурсовод жетекшісінің дайындығының әдіс-тәсілдерін жолға қою. Іс-шараға ОҚО білім басқармасының әдістемелік кабинетінің директоры Р.М.Себетова, ОҚО білім басқармасының тәрбие, қосымша білім беруді дамыту және «Өзін-өзі тану» бөлімінің бас маманы Қ.А.Арап, қалалық білім бөлімі, қосымша білім мен тәрбие бөлімінің әдіскері Ш.Раимова, облыстық жас туристер станциясының директоры С.О.Омирбаева, жас туристер станциясы мен музей қызметкерлері және аудандық білім бөлімдерінің қосымша білім мен тәрбие жұмысына жауапты мамандары мен аудандық, қалалық жас туристер станцияларының әдіскерлері қатысты. Балалар мен жасөспірімдер туризмі бағытында баяндамалар оқылды.Іс-шараға қатысушы қонақтарға музейдің атынан естелік ретінде Қазақстан археологиясында өзіндік орны бар археолог, ғалымдардың ғылыми-зерттеулері жайында шығарылған кітаптарды ұсынды. Сонымен қатар, қонақтарға музей экспозициясына шолу экскурсиясы мен тақырыптық экскурсиялар жүргізілді.