Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің жүлдесіне арналған дәстүрлі республикалық «Жайдарман» ойыны өтті. Ондағы мақсат — Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жастар арасында кеңінен насихаттап, таланатты жастарға қолдау білдіру. Әдемі әзіл мен тапқырлықтың тың үлгісін көрсеткен ойынға Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Арқалық қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысының үздік командалары қатысты. Көрмендерді күлкіге көміп, қазылар алқасының көңілінен шыққан Оңтүстік Қазақстан облысының «Байдың балалары» командасы бас жүлдені иеленіп, 300 мың қанжығасына байлады. Екінші орын Қызылорда облысынан келген құрамаға бұйырды. Сыр елінің командасына 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілсе, ал үздік үштіктен көрінген Шымкент қаласының «Алақай-Балақай» командасы 100 000 теңгелік арнайы сыйақымен марапатталды. Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы жастарының саны жағынан елімізде көш бастап тұр. Нақтырақ айтсақ, күнгейдегі жастардың саны 800 мыңға жетіп жығалады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі