05-09-2021
35.3 C
Шымкент

Әлеуметтік көмек көрсетілді

ОҚО Шардара ауданындағы Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің жастары өзгелер үлгі тұтатындай өнегелі тірлік жасады. Ауыл мешітінің жанынан жастардың діни сауатын ашуға арнап 40-50 орындық медіресе салып берді. Құрбан айт күні ауылдағы тұрмысы төмен бірнеше отбасыға әлеуметтік көмектер жасалды. Ал, ауылдың орталық стадионында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, екі мыңнан астам халыққа дастархан жайылып, қайырымдылық ас берілді. Ауыл жастары ұйымдастырып отырған өнегелі іс-шараға әлеумет алғыстарын білдірді. Ауыл ақсақалдары Ережеп Тілегенов, Құралбек Сейдалиев, Шымкент қаласындағы «Халифа Омар» мешітінің наиб-имамы Арыстан Оспанов, «БАМ» мешіиінің бас имамы Әлімжан Әнәфияев, «Сарыағаш» медіресесінің ұстазы Зәкария Смановтар ақжарма тілектерін арнады. Аудандық мешіттің бас имамы Асылхан қажы Данияров ата-баба рухына арнап құран түсірді. Мерекенің мерейін «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театры асырды. Стадионға орнатылған сахна үстінде әйгілі театрдың әртістері ауыл тұрғындарын күлкіге қарық қылып, концерттік қойылым қойды. Осы күні қазақша күрес, қол күрес, арқан тарту, футбол секілді спорт түрлерімен қатар қой көтеру бойынша да жарыс өтіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді. Әсіресе, 40 келілік қошқарды 215 рет көтерген шардаралық палуан Ғалымжан Қарсыбаевтың алып күшіне көрермендер риза болысты. 5 салмақ бойынша боз кілемнің шаңын қаққан палуандар арасында отырарлық Сабыржан Әбілдаұлы «Түйепалуан» атағын жеңіп алды. Сол сияқты қол күресінен өткен сайыста шардаралық белгілі спортшы Қыдырғали Оңғарбаевқа тең келетін спортшы табылмады. Футбол жарысында Орталық стадион командасы жеңіске жетсе, арқан тарту сайысында Шардара қаласының спортшылары бас бәйгені ұтып алысты.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР