test
06-07-2024
24.3 C
Шымкент

Облыс әкімі селекторлық жиын өткізді

Облыста кадр тапшылығын шешу үшін  әрбір аудан, қаладағы елді мекеннен қызметтік тұрғын салу қажет. Бұл туралы бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев селекторлық жиында  айтып, тиісті сала басшыларына тез арада қолға алуды тапсырды. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының қатысуымен өткен мәжілісте шалғай елді мекендерде өмір сүріп, мемлекеттік және бюджеттік салада орын алатын кадр жетіспеушілігі мәселесі мен оның шешу жолдары қаралды.

Сапалы кадр дайындау заман талабы екенін айтқан аймақ басшысы  әрбір қызметкерге барынша жағдай жасау қажеттігін жеткізді. «Білікті кадрды жұмысқа алу үшін оған, ең алдымен, үй мәселесін шешіп беруіміз керек. Сондықтан, Оңтүстіктегі әрбір ауылдық округтен 20 пәтерлі екі қабатты, ал аудан орталығынан 30-40 пәтерлі көпқабатты типтік үлгідегі тұрғын үй  салуды биылғы жылдан қалмай қолға алуды құрылыс басқармасына тапсырамын. Осы арқылы біз маман тапшылығын жойып, сапалы кадрға қол жеткіземіз деп ойлаймын. Мұнан бөлек, жұмыстың сапасын арттырып, білікті кадрлар дайындау үшін ротациялау тетігі арқылы облыс бойынша мамандарды өзге аудандарға жұмысқа жіберу тиімді әдіс болып табылады»,-деді әкім.

Сонымен қатар, өңір басшысы тұрғын үй салу арқылы аудан әкімдерінің индикаторлық көрсеткішін бағалайтынында атап өтті. Жиында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов өңірдегі 15 аудан, қала әкімдіктерінен және салалық басқармалардан 87 мамандық бойынша 14374 орынға сұраныс келіп түскенін мәлім етті. «Жас мамандардың көптеп ауылдарға оралуы, мемлекет тарапынан іске асырылып жатқан «Жастар практикасы» мен «Дипломмен ауылға» бағдарламаларының нәтижесінде ауылдық жерлерде кадр жетіспеушілігі  оң шешімін табуда десек те болады. Алайда шалғай жерлерде орналасқан мектептердегі маман тапшылығы әлі де өткір мәселелердің қатарында.  Мәселен, оқу жүктемесінің аз болуы, тұрғын үй мәселесінің шешілмеуіне байланысты педагогтар ауылдарға барғылары келмейді»,-деді басқарма басшысы.

Ал денсаулық сақтау саласындағы маман тапшылығы мен тұрғын үймен қамту мәселесі айқын. Мәселен, басқарма басшысы Мұқан Егізбаевтың мәліметінше, 2007-2016 жылдар аралығында денсаулық сақтау басқармасы 1085 жас маманды ауылдық жерлерге жұмысқа орналастырса, ауыл әкімшілігі тарапынан 293 жас маман тұрғын үймен қамтылған. Ал дәл қазіргі таңда денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда жалпы 265 маман, оның ішінде 157 маман ауылды жерге қажет. Сондай-ақ, облыстың бас дәрігері  ауылды жерлерде жұмыс атқарып отырған 180 маман тұрғын үйге мұқтаж екенін айтып, десе де мемлекеттен жас мамандарға біршама қолдау көмек беріліп жатқанын мәлімдеді. «Жас мамандарға облыстық бюджеттен 100 мың теңге мөлшерінде ақшалай өтемақылар мен төлемдер төленіп келген. Енді, Сіздің  бастамаңызбен ауылдық жерге жолданатын әр маманға бір реттік 1 миллион  теңге төленеді және 5 жыл ішінде қайтып кеткен жағдайда жас маман бюджетке қайтару керек болады. Мұндай тың жоба еліміз бойынша Оңтүстік Қазақстанда алғаш болып жүзеге асырылып отыр»,-деді М.Егізбаев. Осы ретте, облыс әкімінің елді мекендерде көп қабатты тұрғын үй салу идеясы жоғарыда айтылған мәселелердің рет-ретімен шешілуіне мұрындық болары сөзсіз. Селекторлық жиынның күн тәртібінде қаралған кезекті тақырып — жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері болды. Онда әкім барша мемлекеттік қызметкерлер мен аудан,қала әкімдеріне және басқарма басшыларына әдеп нормаларын сақтауды басшылықтан бастауды тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР