ОҚО Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов пен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Данияр Тұрғанбаев ауданға арнайы келіп, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Жеке қабылдауға келген жергілікті тұрғындар аудан әкімі мен департамент басшысының орынбасарына түрлі мәселелер бойынша өтініш-тілектерін айтты. Қабылдауға арнайы жазылған Шардара аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов Шардара мен Мақтаарал аудандарын жалғайтын теңіз жағалауындағы жол құрылысы туралы, аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Сағындық Ізбасқанов мемлекеттік қызметтегі сынақ мерзімі туралы, Шардара қаласындағы Майқала шағынауданының биі Жанайдар Биту ауданға газ тарту мәселесін, Қасым Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Нұргүл Дүйсен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бойынша сауалдар қойды. Азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдаған жауапты тұлғалар көтерілген мәселелер бойынша оларға тиянақты жауап берді. Кейбір жайттарды қойындәптерлеріне түртіп алып, оны зерделеп, нәтижесін қосымша хабарлауға уағдаласты.