ОҚО Сайрам ауданы Ақсукент ауылдық округіндегі С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясында «Отбасым-алтын мекенім» тақырыбында іс-шара болып өтті. Отбасы күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада оқушылармен бірге ата-аналар сайысқа түсті. Екі топқа бөлінген қатысушылар алдымен сұрақтарға тез жауап беру арқылы білімдерін сынаса, екінші тақырыпқа сай сурет салып , қорғап шықты. Мұнан соң, әр топтағы оқушылар мен ата-аналар қазылар алқасы тарапынан берілген ситуациялық тапсырмаларды орындады. Мұнда да, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, олардың тапқырлығы сыналды. Соңында ананың балаға, баланың анаға деген тілегі жарысты қорытындылады. Шынай жүректен шыққан сөздерімен оқушылар сезімге беріліп, жиналғандарды ерекше әсерге бөледі. Басты мақсат – балалардың санасынан мен, менікі деген ұғымды алыстатып, біз, біздікі бәріміз деген ойды ұқтыру болатын. Бұл мақсатқа қол жеткізілді де. Себебі, сайысқа қатысушылар өздерін бір ұжым, бір отбасы ретінде көрсете білді.
Іс-шараны қорытындылаған мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ж.Жумашева мен тәрбие жөніндегі орынбасары М.Қонусбековалар да тәнті болып, сыныптың ұйымшылдығы мен сынып жетекшісі Ләззат Жаппарованың еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар, НұрОтан партиясы Сайрам аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Қалыбаева да, отбасы құндылықтарын дәріптеген аталмыш шараны тамашалап, мектеп ұжымы мен ата-аналарға сәттілік тіледі.