ОҚО Мақтарал ауданы әкімдігі және Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Жиын-терімге дайындық, мақта қозасын сапалы дефолиациялау және оны минералды қоректендіру мәселелері бойынша» семинар-кеңес өтті. Алқалы басқосуға осы өңірдегі барлық өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтарының төрағалары, ауыл әкімдерімен жер мамандары қатысты. Таңертең шаруалар аталмыш институттың тәжірибелік мақталық алқабында болып, отандық және шет елдік түрлі мақта сорттарының салыстырмалы өсу деңгейімен танысты. Тәжірибе жүзінде «Мақтаарал-4017» сортына нитроаммофос және аммиак селитрасын нормаға сәкес ендіргенде оның тиімділігі жоғары болғанын семинарға қатысушылар көзбен көрді. «Біздің сортаң жерлерде кальий көп, фосфор ауадай қажет. Сондықтан құрамында фосфоры басым осы тыңайтқышты тиімді пайдалануымыз керек. Өйткені, фосфор жерді құнарландырады, қозаның тамыр жаюын күшейтеді. Соның арқасында өсімдік бұтақтары бекемденіп, көсек мол салады» — деді Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы И.Үмбетаев. Мақтаны бір жүйек бойына екі қатар етіп егу тәжірибесі де диқандарды қызықтырды. Сондай-ақ шаруаларға «Дробь плюс», «Авгурон экстра», «Коттон», «Реглон-супер» химикаттарының мақта жапырағын түсірудге тиімді әсер ететіні жан-жақты түсіндіріліп, көрсетіледі. Тиісті сала мамандары шаруаларға дефолианттарды тиімді қолдана білудің әдіс-тәсілдерін айтып, пайдалы кеңестер берді. Мәселен, осы жылы 2 қыркүйек күні қозаға шашқан «Дробь-пльюс» пен «Авгурон-экстра» химикаттары өте жақсы әсер еткен. Жапырақтар көктей жерге төгіліп түскен. Көсектерге күн жақсы тиген соң тезірек ашылып жатыр. Көптеген шаруалар дефолиацияның пайдасын білмейді. «Мақта салмақ жоғалтады» деп оны жасаудан қашады. Көк көсектер күзде үсік шалғанда бір-ақ ашылады. Ондай мақтаның сапасы да болмайды. Бұдан соң семинар-кеңес жиынын ашып, сөз сөйлеген аудан әкімі Ғ.Исмаилов Оңтүстік өңірдегі мақтаның басым бөлігін өсіретін мақталы ауданда қол терімнің басталғанына оншақты күн болғанын айтты. Биыл мақтааралдықтар 94,1 мың гектарға мақта өсіріп, одан 200 мың тоннаға жуық өнім жинап, гектар өнімділігін 21-22 центерге жеткізуді межелеп отырғанын жеткізді. «Ендігі басты мақсат — осы өсірілген өнімді жауын-шашынға ұрындырмай қысқа мерзімде жинап алуымыз қажет» — деді Ғ.Исмаилов. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры академик И.Үмбетаев мақтаны толық жинап алу үшін алдымен қоза жапырағын дер кезінде біркелкі етіп түсіру қажеттігін атап өтті. Ол үшін дефолиацияны сапалы жүргізудің маңызы зор. Себебі, жапырағы түскен соң қоза көсектері әдеттегіден екі есе жылдам ашыла бастайды. Дефолиант жасалмаған алқапқа қарағанда мақта 10-15 күн бұрын ерте ашылады. «Сапалы тұқымдық шит дайындау да өзекті мәселе болып тұр. Біздің институт мамандары дайындаған «Мақтаарал-4017» шитіне қазір сұраныс жоғары. Ал Қытай, Түркиядан әкелінген мақта сортының көсегі жеңіл 3,5-4 грамнан аспайды, 5-6 ғана шиті бар. Сондықтан шет елдің қымбат шитінен гөрі өзімізде жерсінген отандық тұқымдық шитті көптеп шығарып, мол өнім алуға күш салайық» -деді И.Үмбетаев. Басқосуда сөзге шыққан «Ақ алтын» ЖШС корпорациясының президенті А.Өтенұлы алғашқы ақ ұлпаны қабылдауға кіріскендерін айтты. Биыл мақтаның түсімі, талшығының ұзындығы, шитінің сапасы ойдағыдай. Бірақ зертхана тексеруі кезінде мақтаның ластығы мөлшерден көбейіп кетуде. Себебі, терімшілер қауашақ, көк жапырақ, шөп-шаламды араластырып тереді. Биыл қол терім бағасы қымбат, шаруалар әр кило үшін 25-30 теңге төлеп жатыр. Машина терімі әр гектарға 44 мың теңге деп белгілеп алған. Иә, қазіргі күні көпшілікті бәрінен де мақтаның бағасы қызықтырып отыр. Қазір орташа индекстер бойынша мақтаның бір тоннасы 140-тен басталып, 175-200 мың теңгеге дейін көтеріледі деген болжам бар. Әрине, бұл жерде мақта бағасы Ливерпуль, долар, шит бағасына, (былтыр шиттің бір тоннасы 90 мың теңге болса, биыл 70 мың теңгеден) бәсекелестік ортаға да байланысты екені айтылды.
Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі