ОҚО орталығы шымкентқаласындағы «Оңтүстік» индустриялды аймағы бүгінде алып кәсіпорындардың ордасына айналған. Мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар бүгінде өз жемісін беруде. Қазіргі таңда мұнда тағы бір жаңа зауыттың құрылысы жүргізілуде. Зауыт 2018 жылдың басында іске қосылатын болады. «Амир-А» ЖШС-нің директоры Айман Амирбекованың айтуынша, құны 7 миллиард 11 млн теңге болатын металлургиялық зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жылына 500 мың тонна металл бұйымдарын шығаруға қауқарлы өндіріс орны іске қосылғанда 260 адам жұмыспен қамтылатын болады. «Оңтүстік» индустриялды аймақта жалпы сомасы 55,8 млрд теңге болатын бес мың жұмыс орнымен 85 жоба жүзеге асырылуда. Оның бүгінде құны 21,4 млрд. теңге болатын 46 жобасы іске қосылып, үш мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Айта кетейік, шағын және орта бизнес субъектілері 2016 жылы 900,6 млрд теңгенің өнімін шығарып, былтырғы көрсеткіштен 6,1%-ға көбейді. Облыстың ішкі жалпы өнімі көлеміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2016 жылдың қорытындысы бойынша 22,9%-ды құрады.