03-04-2022
8.3 C
Шымкент

ҚР Премьер-министрі оңтүстік өңіріне жұмыс сапарымен келді

ОҚО Шымкенттегі «Көрме» орталығында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен туризм және кәсіпкерлік салаларының даму мәселелері мен жұмыспен қамту, еңбек ресурстары бойынша жиын өтті. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының баспаөз қызметі хабарлады. Отырысқа еліміздің бірқатар министрлері мен солтүстік өңірлердегі облыс әкімдерінің орынбасарлары, аудан-қала әкімдері, басқарма басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.
Мәжіліске қатысушыларды күн тәртібімен таныстырған Үкімет басшысы Елбасының тапсырмасымен Оңтүстік Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар өндіріс орындарын аралап, жұмысымен танысқанын айтты. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту жайын сөз етіп, көші-қондағы қолдау мәселесін атап өтті.
– Оңтүстік өңірінің халқы іскер, оларды үйретудің қажеті жоқ. Тек қана жұмыстың жобасын көрсетсең, өздері алып кетеді. Облыстың өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоғары. Бау-бақшаны дамыту саласы бойынша да шаруаны алға қарай алып кете алады, деді Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен бірге, Премьер-министр оңтүстіктен солтүстік аймаққа көшу мәселесіне де тоқталды. Бұл бағытта жүйелі жұмыстардың атқарылу барысын сөз еткен Бақытжан Сағынтаев көшіп барған азаматтарға жер беру, оларды тұрақты жұмыспен, баспанамен қамту қажеттігін атап өтті. Әсіресе, іскерлік қабілеті жоғары шаруалар мен кәсіпкерлерді жіберу қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев туризм және кәсіпкерлік салаларында атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
– Облысымызда индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы сәтті жүргізілуде. Бағдарлама аясында жалпы 208 млрд теңгеге 162 жоба іске асырылып, 9,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2017 жылы 5 жоба іске қосылып, 2,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда іске қосылған жобалардың 94%-ы жоспарлық қуаттылықты игеріп, 71 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Елбасының ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға артып, 257,4 млрд теңгені құрады. Қазіргі кезде облыста қолайлы бизнес климатты қалыптастыру және кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін барынша жағдай жасалуда, деді облыс басшысы.
Өңір басшысы мұнымен қоса облыста «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың» мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін 158 кооператив ашылғанын хабарлады. Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған инвестиция көлемі 21,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге артқан. Аймақ басшысы биыл Шымкент механикалық зауытының базасында модульдік сүт қабылдау бекеттерін жинау өндірісі басталғанын айтты. 15 модульдік сүт қабылдау бекетінің кооперативтерге қосымша кепілсіз және алдын ала төлемсіз несиеге берілгенін жеткізді.
Басқосуда облыс әкімі Оңтүстік Қазақстан облысында туристік саланың да тұрақты дамып келе жатқанын мәлімдеді. Облыста туристік нысандар саны 195 бірлікті құрап, тиісінше 31 пайызға өскен. Мұнда көрсетілген қызмет көлемі 1,7 млрд. теңгені құрап, 43 пайызға артқаны байқалады. Биыл облысымызға 128 мың турист келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55,3 пайызға көбейген.
Келелі жиын соңында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Көрме» орталығына қойылған тауар өндірушілердің көрмесін аралап көрді. Онда жергілікті кәсіпкерлер текстиль, тағам өнеркәсібі, құрылыс және машина жасау саласындағы өз өнімдерін ұсынды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР