Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Алтын жас — Золотой возраст» атты мерекелік шараға қатысты. Онда өңір басшысы қазыналы қарияларды мерекемен құттықтап, бірқатар ардагерлерді марапаттады. Орталық саябақта денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада облыстың білікті дәрігерлері қарт кісілерді тегін диагностикалық тексеруден өткізіп, кеңестерін берді. Ардагерлерді сауықтыру ісіне де ерекше мән беріліп келетінін айтқан әкім, дені сау ұрпақ қалыптастыруда жас ұрпаққа үлгі болуды айтты. «Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту және өмір жасын ұзарту – Президент саясатының ең басты міндеттерінің бірі. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіздің орны біз үшін қашанда бөлек. Саламатты өмір салтын ұстанып, дені сау ұрпақ қалыптастыруда Сіздер үлгі болуларыңыз қажет», — деді аймақ басшысы. Саябаққа жиналған жұртшылық концерттік бағдарламамен қатар ардагерлер арасында өткен шахмат турнирін тамашалады. Мың бұралған кәсіби бишілер өнер көрсетіп, әншілермен жарыса облыстағы ынтымағы жарасқан барлық этнос өкілдері өз тілдерінде әндер шырқады. Осылайша қазан айының алғашқы күні Шымкенттің шырайы ардагерлермен ажарлана түсті. Сонымен қатар, 30 қыркүйек пен 7 қазан аралығында егде жастағы адамдардың денсаулығын нығайту және салауатты өмір дағдыларын қалыптастыру мақсатында облыс көлеміндегі аурухана-емханаларда ашық есік күндері өтеді. Ал бір ай көлемінде облыс бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне медицина қызметкерлері үйлеріне барып, қажет көмек көрсететін болады. Айта кетейік, облыста 223 мың зейнеткер болса, оның 218-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 4946-ы майданға қатысушылар мен мүгедектікке теңестірілгендер болып табылады. Ал 18 мыңнан астамы тыл еңбеккерлері болса, 100-ге жуығы жүз жастағы және жүзден асқан қарт кісілер. Бүгінгі таңда мемлекетпен кепілдендірілген төлемдер көлемі жыл сайын көтерілуде, облыстық және жергілікті бюджеттер қаржысы есебінен де түрлі әлеуметтік қолдаулар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, «Қамқорлық» акциясы шеңберінде биылдың өзінде 72 мыңнан астам ардагерге 494,3 млн теңге көлемінде түрлі әлеуметтік көмектер көрсетілді. Ал азаматтарды сауықтыруда облыс орталығындағы «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйінде жылына 8 мыңға жуық адам ем алып, демалады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі