05-09-2021
20.3 C
Шымкент

Иран елімен алыс-беріс жақындай түсті

Алыс-беріс, барыс-келіс жасаудан жатырқамайтын Оңтүстік үшін тағы бір қақпа есігі ашылды. Өңірімізге Иран Ислам Республикасының Хорасан Разави провинциясының делегациясы келді. Шетелдік қонақтар сауда-саттық пен мәдени қарым-қатынасты арттыруға мүдделі. Иран провинциясы өкілдерін қабылдаған обыс әкімі Жансейіт Түймебаев қос тарап арасында өзара тиімді байланыс орнайтынына сенім білдірді. Иран – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған елдердің бірі. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толады. Таяу Шығыс елдерінің ішінде Біріккен Араб Әмірліктері елінен кейін екінші сауда әріптесі ретінде жақсы танылған. Әрі қос елдің байланысы  халықаралық ұйымдар арасында да белсенді. «Сондықтан, сауда және экономикалық, мәдени қарым-қатынасының беки түсетініне бек сенімдімін»,- деді кездесу барысында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев .

Жансейіт Түймебаев – облыс әкімі:- Біздің өлке де сіздердің ел сияқты аграрлы аймақ. Бізде 11 индустриалды және бір еркін экономикалық аймақ бар. Иран еліне Оңтүстіктен бірқатар өнімдер экспортталады. Олардың дені- ауылшаруашылық өнімдері. Жылына 55 мың тонна сиыр және 37 мың тонна қой етіне өндіреміз. Сондай-ақ біздің өңір мақтасымен мақтанады. Жылына 134 мың гектар жерге тұқым себіліп, одан 340 мың тонна өнім алынады. Бүгінгі кездесу керемет мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Қос өңір кәсіпкерлері арасындағы бірлескен жобаларды қашан да қолдауға әзірміз.

Иран – дамыған индустриалды-аграрлы ел. Өндіріс пен мұнай-газы, сондай-ақ ауылшаруашылық саласы  мейлінше дамыған мемлекет. Экономикалық әлеуеті жоғары. Өткен жылы оңтүстіктің сыртқы тауар айналымы 1,9 млрд. АҚШ долларына жеткен. Соның 19 млн. АҚШ доллары – Иран Ислам Республикасына тиесілі. Күнгейден Иранға жаңғақ, арпа, цемент және былғары бұйымдар экспортталады. Ал, ол жақтан бізге импортталатын өнім негізінен құрылыс материалдары мен тұрмыстық химия заттары. Сондай-ақ, кілем және жеміс-жидектеріне де сұраныс бар.

Алирез Рашидиан – Хорасан Разави провинциясының губернаторы /Иран/: — Хорасан Разави – тарихи мәдени мемлекет. Биыл біздің провинция Ислам әлемінің мәдени орталығы болып бекітілді. Сондай-ақ, бізде ғылым мен білім саласы жоғары дамыған. Осы кездесуде сөзден гөрі нақты іске көшетін мәмілелер жасалса деген тілегім бар. Екі аймақ арасында сауда экономикалық және мәдени-туристік байланысты бекіту үшін ең алдымен, виза рәсімдеуде жеңілдіктер орнатуымыз қажет.Сондай-ақ, бұрын екі аймақ арасында әуежай қатынасы да болған. Екі ел кәсіпкерлерінің  алыс-беріс пен барыс-келісін  тұрақтандыру үшін әуежолын қайта қалпына келтіру қажет.

,th3c Кездесу барысында аймақтар арасында жиі импорт және экспортталатын тауарларға таңдау жасалды. Сол бойынша біріккен жаңа өндіріс орнын ашып, бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс айтылды. Сондай-ақ, өзара әріптестікті дамыту мақсатында қос тарап  арасында меморандум түзілді. Құжат өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы, мәдениет пен туризм саласында екі жақты байланысты қарастыратын болады. Иран делегациясы екі күндік іс-сапар аясында облыстың инвестициялық мүмкіндігімен таныспақ. Бұған қоса, провинция өкілдері бизнес өкілдерімен кездесіп, тарихи орындарды аралауды жоспарлап отыр.  Екеуара мәміле соңында шетелдік қонақтар «Көрме» орталығындағы «Бал текстиль» кілем фабрикасының өнімдерін көріп, тамашалады. Сапалы кілемдерімен әлемге әйгілі ел өкілдері отандық кілем өндірісіне жоғары баға берді.

Г. Қалмырзақызы

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР