05-09-2021
36.3 C
Шымкент

Үздік 20 оқушыға шәкіртақы тағайындады

Күнгейдегі Төле би ауданынан түлеп ұшқан өнер майталмандары көп. Табиғатының кереметтігіне көз тоймайтыны өңірде тұрып, суретші, әнші, жазушы болмау мүмкін еместей. Бір ғана Тасарық ауылынынан тек елімізге ғана емес шетелдерге де танымал 20 суретшінің шығуы кезінде елді таңдай қақтырғаны да рас. Әлемнің айтулы галереяларында туындылары төрден орын алған суретшілердің бірі Ерболат Төлепбай бүгінде шетелдерде көрмелерін өткізіп, жоғары қошеметке бөленіп жүрген танымал суретшілердің бірі.  Атақты қылқалам шебері жуырда игі бастамаға мұрындық болды. Туған ауылындағы мектепте оқуда үздік 20 оқушыға шәкіртақы тағайындап, көптің алғысына бөленді. Бұдан бөлек те елдің игілігі үшін атқарып отырған шаруасы аз емес.  24.kz арнасының хабарлауынша ол өзі де кезінде осы оқу ордасында білім алған. Бүгінгінің Атымтай жомарты Тоқболат Тоғысбаев атындағы мектепті өз қаражатына күрделі жөндеуден өткізіп берген. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, суретші Ерболат Төлепбай Тасарық ауылында жаңа мешіт салып беріп, ауылдастарының ризашылығына бөленді.  Суретшінің туған ауылына деген қамқорлығы мұнымен де бітпейді. Мектептің алдына елімізге белгілі халық суретшісі Тоқболат Тоғысбаевтың мүсінін жасауға да атсалысқан. ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Ерболат Төлепбай осылайша туған жерін түлетуге тамшыдай болса да өз үлесін қосып жүр.  Ал атақты суретші тағайындаған шәкіртақынының иегері болған оқушылар да болашақта еліне еңбек сіңіретін абыройлы азамат болуға ұмтылатыны анық. Еліміздегі әр ауылдан шыққан осындай атақты азаматтардың өз ауылына көлеңкесі түссе, еліміздің гүлденуіне сеп болары сөзсіз енді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР