03-09-2021
32.3 C
Шымкент

Жұмыссыздардың өз ісін бастауына қолдау бар

Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыссыздардың өз ісін бастауына қолдау бар. Жыл басынан бері 2 мыңға жуық адам кәсіпкерліктің негіздерін оқып үйренді. Үздік жобалардың дамуы үшін субсидия бөлу де қарастырылған. Бұған дейін жұмыссыздар қатарын толықтырып келген Дүрия Аманбаева «өмірді өзгерту өз қолыңда» деп біледі. Елуді еңсерген отанасы жақында кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге бет бұрды. Орта жастан асқан ананың өз ісін бастауға деген құлшынысы бизнес-тренерлерді де таңғалдырып отыр. Оқытудың бастапқы курсын тәмамдағандар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп үлгерген. Жыл басынан бері аймақтағы өз ісін бастамаққа бекінгендер саны 2 мыңнан асып отыр. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, кәсіпкер болғысы келетін жастарға да қолдау бар. Биыл Білім министрлігі мен Бүкіләлемдік банк бірлесіп, пилоттық жобаны жүзеге асыруға кірісті. Жоба шеңберінде 4 облыстың жастарына әлеуметтік кәсіпкерлік пен осы саладағы маңызды жобаларды дамыту үшін қайтарымсыз бастапқы қаржыны ұту мүмкіндігі берілді. Жоба қатысушылары шағын наубайханалар мен тілдерді оқыту курстарын ашуға мүмкіндік алды. Арасында шаруа қожалығын құруға талпынғандары да бар. Бастапқы 5 айда олар пайда таппайды. Бастысы тәжірибе жинап, адамдарға көмектесуді меңгереді. Жоба шеңберінде кәсіпкерлердің бірі әлеуметтік шаштараз салонын ашты. Мұнда шаш қию мен тырнаққа күтім жасау секілді жұмыстардың барлығын өз ісін енді ғана бастаған шеберлер істейді. Тәжірибе жинау үшін олар келушілерге тегін қызмет көрсетеді. Жоба нәтижесінде жастар өз ісін өрістетуді үйренеді. Сонымен қатар қайырымдылық істерден де шет қалмай, одан әрі жалғастыра беруді жоспарлап отырғандары баршылық. Мамандардың айтуынша, белгілі бір кәсіп түрін бастап, өзіне де, өзгелерге де пайда әкелуді көздеген жандардың қатары күн санап артып келеді екен.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР