test
14-07-2024
31.3 C
Шымкент

Жерлесіміз «Үздік педагог» атанды!

ҚО Шардара М. Горький атындағы жалпы орта мектебінің тәжірибелі ұстазы, мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Марина Леонидовна Карюгина ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Үздік педагог» атағымен марапатталды. Республика бойынша 48 мұғалім осындай марапатқа ие болса, соның үшеуі Оңтүстік Қазақстан облысынан болып отыр. Облыстағы үздік үш мұғалімнің біреуі болған Марина Карюгина 27 жылдан бері табан аудармай бір мектепте қызмет атқарып келеді. Осы уақыттар аралығында ол үнемі әр түрлі халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі кәсіби конкурстар мен жобаларға белсенді және тұрақты түрде қатысып келген. Байқауға қатысу бар да, жеңіспен оралу тағы бар. Бұл тұрғыдан келгенде Марина Леонидовнаның қоржыны бос қайтқан кезі болмаған. Халықаралық деңгейдегі 16 байқауға, республикалық деңгейдегі 22, облыстық деңгейдегі 17 байқауларға қатысып, барлық жүлделерді иеленіп отырған.
Шардараның атын шығарып келген білікті маманды аудан әкімі Болатбек Қыстауов қабылдап, жоғары наградасымен құттықтады.
–Мен әкімдік қызметке келгелі бұл мектепте осымен екінші рет республикалық деңгейдегі марапатқа ие болған жағдайға куә болып отырмын. Жаңылыспасам, былтырғы оқу жылын үздік бітірген Алена Архипова есімді оқушы да республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы болып оралған еді. Енді міне, осы білім ордасынан республикамыздың «Үздік педагогы» шығып отыр. Ұстаздық ғұмырында бірнеше белестерді бағындырып, мектептің абыройын асқақтатып отырған Марина Леонидовнаның еңбек жолы өзгелерге үлгі-өнеге боларлық. Марапат баршаңызға құтты болсын! – деген Болатбек Дүйсенбекұлы Марина Карюгинаға сый-сияпаттар тапсырды.
Аудан басшысының арнайы қабылдап, қуанышын бөліскеніне алғысын білдірген Марина Леонидовна өзін әрдайым қолдап-қуаттап отыратын аудандық білім бөлімі мен М.Горький атындағы жалпы орта мектебінің ұжымына рахметін айтты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР