Бұрын емі жоқ саналатын эпилепсия ауруы әлем дәрігерлерінің күресіне айналып, күн санап дерттен келетін қауіп сейілуде. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен елімізде дауасыз дертке дәрігерлер ден қойды. Күні кеше Оңтүстікте Ресей дәрігерлерінің қатысуымен арнайы семинар болып өтті. Басқосуда жергілікті дәрігерлер шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, кеңес жүргізді. Семинар үш бағытта өрбіді. Невролог мамандар алдымен, эпилепсия ауруының пайда болу себептері мен таралуын талқылады. Одан кейін аурудың алдын алу және оған шалдыққан адамды емдеу жолдарын көрсетті. Айықпас дерт әсіресе, жүкті әйелдер үшін қауіпті. Ресейлік дәрігерлер науқастарға ем-дом жүргізудің тиімді тұстарымен бөлісті.
Назира Жарқынбекова – облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас неврологы: — Ең алдымен, біздің бұл семинардан күтетін нәтижеміз – эпилепсияны емдеу жолындағы күрес және оның жетістігі. Өйткені, «қояншықты» емдеу – өте қиын екенін бәріміз білеміз. Әсіресе, науқас бұл ауруға тұқымқуалаушылық жағдайында ұшыраса, оның емі жоқ деп 100 пайыз айтуға болады. Ал, ресейілк дәрігерлер бізге не үйретеді десек… Оларда айықпас аурумен күресу барысында тәжірбиеде іске асырылған заманауи технологияны қолдану мүмкіндігі бар. Соны игеру үшін бізге біржолғы дәріспен шектелу аздық етеді.
Қояншық – науқастың бірден есінен танып, ес жиған соң, мінезі құбылатын қауіпті кесел. Бұған 10-15 жас аралығындағы балалар жиі ұшырайды. Әлемде эпилепсиямен зардап шегушілердің саны 50 млн.-ға жуық. Елімізде 23 мыңнан асады. Соның 8 мыңы оңтүстікке тиесілі. Ауру бар жерде, айығу бар. Егер эпилепсия дертін ауыздықтауға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, дәрігер біліктілігін арттыратын мектептер ашылса, кеселден келер қорқыныш азаяр еді. Семинарға қатысқан невролог мамандардың ортақ пайымы осыған саяды.
А. Бауыржанқызы