test
14-07-2024
31.3 C
Шымкент

Ынтымақ бар жерде ырыс бар

«Алма пiс, аузыма түс» деп қарап отырмай, өзiнiң адал еңбегiмен шаруасын дөңгелетiп отырған iскер азаматтардың бiрi – Мақтаарал ауыл округiне қарасты Қазақ КСР-iнiң 40 жылдығы ауылындағы «Хамро ата» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативiнiң төрағасы Абдужалил Боев. Елiмiз егемендiк алған жылдары отбасының пай үлесiне тиген 10 гектар жерiне мақта, қауын-қарбыз егiп, диқаншылықтың әлiппесiн жете меңгерген Абдужалил тер төге еңбек етсе Жер-ананың берер ырыс-несiбесi көл-көсiр екенiне көзi жеттi. Жұмыссыз жүрген iнiлерiн соңынан ертiп, оларды да диқан болуға баулыды. Қолдарында бар ескi техникаларды жамап- жасқап, қиындықтан жол тауып шығуға күш салды. Әр жылы күзде өнiмнен түскен табысқа жаңа техника, түрлi агрегаттар сатып алды. Боевтар әулетiнiң шаруа қожалығы осылайша аяғынан тұра бастады. Ауыл шаруашылығына инвестиция салудың тиiмдiлiгiне көздерi жеткен бауырлары Абдужалилге тек егiн егумен ғана айналыспай мал бордақылау, жылыжай және бау өсiрудi қолға алуды ұсынды. «Жұмыла көтерген жүк жеңiл» демекшi, iнiлерiнiң кеңесiне қуана келiсiп, әртараптандыру бағытына көштi. Нәтижесi жаман болған жоқ. Ауыл шетiнен жер алып 150 iрi қара малды бордақылауға арналған қора-жай салды. Бұдан бөлек 300 бас жайдары қойды жайылымда баға бастады. Жаңа технология бойынша 6 гектарға жылыжай орнатты. Онда негiзiнен қызанақ пен қияр өсiрдi. Ауызбiрлiгi мықты, ұйымшыл жiгiттер құрылыс материалдарын сататын үлкен сауда орнын да ашып, кәсiптерiн одан әрi жандандыра түстi. Ал, осыдан екi жыл бұрын ауылдастарымен бiрге 18 шаруа қожалығын бiрiктiрiп, кооператив құрды. Бүгiнде ұжымның иелiгiнде 340 гектар суармалы жер бар. Биыл оның 275 гектарына мақта, 15 гектарына жүгерi, 20 гектарға жүзiм, 4 гектарға қараөрiк, 1 гектарға анар, 4 гектарға алма, тағы басқа дақылдар өсiрiп отыр. Шаруалар 220 бас iрi қара малды күтiмге алған. Қазiр оның 100-i бордақылануда. Кооперативтiң техникасы, құрал-саймандары жеткiлiктi. Өткен жылы лизинг бойынша 6 жаңа техника сатып алды. Мұнда 40-қа тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айлық жалақылары орта есеппен 50 мың теңгеден. Науқан кезiнде егiстiкте жүзден астам адам жұмыс iстейдi. Өткен жылы қараша айында кәсiпкер азаматтар «Алау ЖШС «Сotton Мақта» мақта өңдеу зауытын iске қосты. Кәсiпорын былтыр 6,5 мың тонна ақ ұлпа қабылдап, өңдедi. Ал, биыл 8 мың тонна мақта қабылдауды межелеп отыр. Мұнда 110 адам жұмыспен қамтылған. Айлық жалақылары 60-70 мың теңгеден.

– Бiз мемлекеттен бiр тиын да қаржы алмай тек өз күшiмiзбен жұмыс iстеп келемiз. Есеп-қисабымызды қатаң түрде жүргiзiп, әрбiр тиынды үнемдi, ұқыпты жұмсауға дағдыланғанбыз. Бақша өнiмдерiн Ресейге экспортқа шығарамыз. Ал, алма, жүзiм, қараөрiктi, жылыжайда өсетiн қызылша мен қиярды жергiлiктi базарға, дүкендерге өткiземiз. Себебi, дәрумендi өнiмдерге жергiлiктi жердiң өзiнде сұраныс жоғары, – дейдi кәсiпкер А.Боев.  Осы Мырзашөлдiң қасиеттi топырығында туып-өскен Боевтар әулетi қазақ, орыс және өзiнiң ана тiлi тәжiкше еркiн сөйлейдi. «Бiздiң әке-шешемiз де, өзiмiз де осында дүниеге келдiк. Сондықтан «Қазақстан – туған Отанымыз!» деп ерекше құрмет етемiз. Елбасының сара саясатының арқасында елiмiзде тыныштық, ұлтаралық келiсiм, ынтымақ пен бiрлiк орнады. Осындай бейбiт мамыражай заманда кәсiпкерлiгiмiздi емiн-еркiн жүргiзiп, мол ырыс-дәулетке қол жеткiзiп отырмыз. Бұдан артық қандай қамқорлық, қолдау керек?! Сондықтан да мен үнемi ауылдастарыма, ұжым мүшелерiне «Елiмiздiң болашағы үшiн адал қызмет етейiк, туған жерiмiздi қадiрлеп, сүйе бiлейiк, отбасында ар-намысы биiк, парасатты ұрпақ тәрбиелейiк» деп жиi айтамын» дейдi Абдужалил Боев.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР