Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезекті отырысы өтті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен жиынға облысымыздағы бірқатар басқармалардың өкілдері, облыстық этномәдени бірлестіктер мен діни конфессиялардың жетекшілері, облыстық ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңес отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыруы бойынша алға қойған міндеттерін іске асыруда ассамблея алдында тұрған жұмыстар қаралды.
— Облыстық ассамблея мүшелері мен барлық құрылымдары саяси, экономикалық және рухани жаңғыру міндетін іске асыруға белсене атсалысуға тиіс. Елдің бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмысымызды одан әрі ширата түсуіміз керек. Өйткені, алға қойған мақсаттар тыныштық, саяси тұрақтылық болған жерде ғана жүзеге асатыны сөзсіз. Оны әрбір этнос өкілі ұғынуы қажет, — деп атап өтті жиынды ашқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов
Отырыс барысында мемлекеттік тілді латын графикасына көшірудің маңызы жөнінде ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі, профессор Асма Қалыбекованың, Қазақстан өзбектерінің «Дустлик» қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжановтың хабарламалары тыңдалды.
Сонымен қатар, Рухани келісім күніне орай қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтудың маңызы жөнінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров, Свято-Никльский кафедралдық соборының діни қызметшісі Александыр Могилевски және облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары Мәди Бесбаев өз ойларын ортаға салды.
Жиында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесіне жаңа мүшелер қабылданып, қазақстандық бірлік пен бірегейлікті нығайту мақсатында жыл соңына дейін өтетін ауқымды іс-шараларға дайындық жұмыстары пысықталды.