ОҚО орталығы Шымкентте шебер ұстаздар байқауы болып өтті. Шығармашыл мұғалімдер сайысында 346 қолөнер бұйымы төрешілер назарына ұсынылды. Мамандар құнды заттардың тақырыпқа сәйкестігіне, бояу үйлесімі мен құрылымына мән берді. №54 мектепте өткен шараға эстетикалық пәндер жөніндегі әдіскерлер арнайы қатысып, ісмер ұстаздардың еңбегіне баға берді. Көрмеге сандық, кебеже, ат әбзелдері, ыдыс-аяқ бұйымдары қойылған. Сондай-ақ, алаша, киіз үй жабдықтары, зергерлік және кәдесый бұйымдары, қалы мен түкті кілемшелер, ұлттық киімдер, халықтық саз аспаптары қойылды. Көрмені аралап көрген көрермен ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қолөнер бұйымдарын жаңғыртқан ұстаздарға алғыс айтты. Жоғары талғампаздықпен жасалған дүниелер көздің жауын алады. Әсіресе, Ордабасы ауданы Ұялыжар елдімекені ұстаздарының қолымен жасалған гобеленнен ұлттық нақыш аңғарылады. Тоқыма бұйымдарының да тұрмыста өзіндік қажеттілігі бары сезіледі. Байқау қорытындысына сәйкес, ұстаздар бірінші және екінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
C. Есімбеков