ОҚО «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бауыржан Асанұлы ағымдағы жылдың 9 айда атқарылған жұмысы бойынша есеп берді.
Өз баяндамасында кәсіпкерлер палатасының негізгі бес бағыты бойынша жұмыс жасайтынын тілге тиек еткен филиал директоры ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «Ырыс» МҚҰ және «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 49 жобаны қаржыландыруға көмек берілгендігін және «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы шаруа қожалықтарға жаңа техника алуға жеңілдіктер қарастырылғанын жеткізді. Сондай-ақ ауданымызда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 41 азамат кәсіпкерлік білімдерін жетілдіріп, сертификаттар алған.
Жиын барысында ОҚО «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров аудан кәсіпкерлерімен ашық- жарқын бүкпесіз сұхбаттасты. Ауданынымызда болашағы зор кәсіп түрлері жөнінде жан-жақты сөз болып, субсидия, лизинг, жеңілдетілген несие алу мәселелері бойынша кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға, маман тарапынан тұшымды жауаптар берілді.
Мұнан соң аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рыскелді Әліш ауданымызда атқарылып жатқан кәсіпкерлер палатасының жұмыстарына оң бағасын беріп, өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылық саласында жеткен жетістіктердің көп екендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, ірі кооператив құру жұмыстарын ширата түсудің маңыздылығына тоқталды. Есеп беру жиынына қатысқан көпшілік өздеріне қажетті мағлұматтар мен кеңестер алып тарқасты.