02-09-2021
30.3 C
Шымкент

Жаңа жүйенің берері көп

Келер жылдан бастап, елімізде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектер енгізіледі. Бұл жүйе халықты масылдықтан арылтып, әлеуеті әлжуаз топты кедейлік құрсауынан шығармақ. Оңды өзгерістерді бүгін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары талқылады. Басқарманың аудан-қала өкілдері жаңалыққа толы тың жүйені меңгеру мақсатында семинар кеңес ұйымдастырды. Жандәулет Парманов – ОҚО Сарыағаш аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ассистенті. Жас маман жаңа жүйенің қыр-сырын меңгеру үшін түрлі семинарларға қатысып жүр. Таяуда ғана Елордамыз Астана қаласында арнайы білімін арттыру курсынан өтіп келді. Оқып білгенін, ойға түйгенін өзге де әріптестерімен бөлісуден жалықпайды. Жандаулеттің пікірінше, жаңа жүйенің жұртқа берері көп. Басқарма ұйымдастырған басқосуға Жандәулет сынды 60 маман қатысты. Олар Сайрам және Сарыағаш аудандарынан келген. Семинарға қатысушылар алдымен, жаңа жүйе бойынша берілетін әлеуметтік көмектің шарттарын ұғынып алды. Кейін сол бойынша арнайы сұрақтарға жауап берді.  Жиында сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, іске асатын жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Айта кетейік, жаңаша көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ынан төмен отбасылар мен азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.  Жаңа формат тұрғындардың жай ақшалай көмек алып қана қоймай, жұмысқа тұруына да мүмкіндік береді. Тіпті, қабілетіне қарай қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Оқу бітіріп, арнайы құжат қолға тиісімен, шағын несиемен қамтылады. Осылайша, отбасының кедейшілік шегінен шығуға әлеуеті ынталандырылады. Сала мамандары өзгеше жұмыс тәртібіне сақадай сай. Қазірдің өзінде өңірдегі 9 ауданның қызметкерлері біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Енді олар сынақ тапсырады. Техникалық база да біртіндеп жаңартылып жатыр.

Г. Қалмырзақызы                  

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР