test
14-07-2024
32.3 C
Шымкент

Ұстаздың ұлы мұраты

ОҚО Бәйдібек ауданы Жақсыбек Егізбайұлының өмір жолына терең үңілсек, талай қиыншылықты көріп, сол қиындықтармен осы уақытқа дейін тайсалмай күресіп келе жатқан қайсар тұлға екенін танимыз. Оның өмір жолы шын мәнінде оңай болған жоқ. Әкесі Егізбай 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанғанда Жақсыбек аға анасының құрсағында еді. Бұл күндері Жәкең әкенің көзіндей сақтап жүрер мұра болар ең болмаса тот басқан шеге де қалмағанына өкініш білдіреді. Бұл әкеге деген сағыныш сарыны болар.
Осылайша елде жесір ана, жетім бала көбейді. Солардың бірі – Жәкең мен анасы Ұлсүйер еді. Анасының етегіне оралып, таңды – кешке, түнді таңға ұрып, уақытпен санаспай колхоздың фермасында еңбек етті, сол кездегі сәби балаларда балалық шақ болған жоқ. Оларда қатал тағдыр мен қиыншылық ерте есейтті. Сондай бір ауыртпалықты Жақсыбек аға да көрді. Қабырғасы қатпай жатып жұмыс істеді, оқу оқыды. Ана мақсаты – көздің қарашығындай сақтай отырып, қызы Тазакүл мен ұлы Жақсыбекті жетілдіріп, ел қатарына қосу болатын.
Жақсыбек Егізбайұлының өмір жолына зер салып, үңілгенде оның жастайынан-ақ өте еңбекқор, намысшыл, адал, білімге құштар болғандығы аңғарылып тұрады. Орта мектепті бітірісімен өзге сыныптастары сынды жоғары оқу орнына түспей, асыл анасын колхоздың ауыр да азапты жұмысынан жеңілдету үшін «Борлысай» ауылы «Қызыларық» 8 жылдық мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Бұл оның «ендігі жерде анам тауқымет тартпасыншы» деген ойдан туындағаны сөзсіз. Алайда, екі жылдан соң алдына қойған асқақ арман, өршіл талап ағайды Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтына жетеледі. Институтты 1967 жылы семсерлесу мамандығы бойынша тәмамдап, туған ауылының спортын өркендетуге белсене кірісіп кетті. Ауылдағы мектепке орналасуы Жақсыбек Егізбай-ұлының еңбек жолының бастауы еді. Жасын отындай жарқылдаған жас жігіттің ылдидан салса, төске озатындығы бірден-ақ сол кездегі басшылардың көзіне ілікті. 1970 жылы 28 жасында арнайы жолдамамен ауылдан алыс, бейтаныс Жаңақорған ауданындағы жаңадан ашылған спорт мектебіне директор қызметіне тағайындалады. Қазақтың оң жамбасына келе бермейтін мың жылдық тарихы бар сонау күрделі техникалық семсерлесу спорт түріне алыстағы ауыл балаларының шұғылдануын республикада тұңғыш болып жүзеге асырды. Міне, осыдан кейін Жәкеңнің басшылық қызметі басталды десе де болғандай. Ағайдың зор ұйымдастырушылық қабілеті мен талапшылдығының нәтижесінде спорт мек-тебінің кадрлық әлеуеті мен материалдық базасы нығайып, спорттық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы орындардан көрінді.
1973 жылы Қазақ ҚСР Оқу министрінің шешімімен «Қазақ ҚСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы берілді. Бұл білікті басшының жас та болса ерен еңбегінің бағаланғаны еді. 1999 жылы өзі білім алған қазіргі Қазақтың спорт және туризм академиясында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
Жәкең республикалық, облыстық, қалалық көпшілік қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. 1999-2003 жылдар аралығында Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. 2000 жылы «ҚР Дене тәрбиесі мен спортына сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапатталды, 2002 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары аттестациялық комиссияның шешімі-мен доцент ғылыми атағы берілсе, 2004 жылы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің академиялық профессоры атағы берілді. 2006 жылы «Қазақстанның құрметті спорт қайраткері» атағын алды.
2003 жылы Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшелігіне қабылданды. 2005 жылы Халықаралық педагогикалық Білім академиясының корреспондент мүшесі болып сайланса, 2007 жылы аталған академияның академигі атағы берілді. 2006 жылы «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. 2011 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігінің шешімімен «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» атағы берілді. Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин, Әл-Фараби, Қорқыт Ата атындағы, «Қызылорда облысына-70 жыл», «Қызылорда қаласына-190 жыл» «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік және ҚР мәслихат депутаттарының 20 жылдық медальдарымен марапатталды. Бүгінде ел ағасы атанып отырған үлкен жүректі азамат балашаға ағайын-туғандардың, өзін сыйлайтын елінің, достарының, шәкірттерінің ортасында адамгершілік асыл қасиеттерін жоғары ұстап, абыройлы өмір сүріп келеді. Аян, Аят, Баян, Балғын, Бағлан есімді перзенттерінен өрбіген немерелерін тәуелсіз еліміздің өркендеуі жолында адал қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеп, жетілдіріп келеді. Қазіргі таңда, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, академик. 25 жылдан астам осы білім мен ғылымның қара шаңырағында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында білім алатын студент жастарға өмірлік тәжірибесін жұмсап, өнегелі тәрбие беріп, шалқар біліммен сусындатып келеді. Ол – шын мәнінде үлкен жүректі ұстаз. Қазіргі таңда, жоғары деңгейде көтеріліп жүрген, бүгінгі рухани сұранысқа ие Жақсыбек Егізбайұлының ұлттық рух, мәдениет, ұлттық сана, тіл, діл, өнер, ұлттық тәрбие, дәстүр, спорт бағытындағы әңгімелерінің қағазға түскен нұсқалары оқырманды ойландырмай қомайды. Қазір өзінің бұл әлемге кіріп кеткені соншалық тоқтай алмайтындай. Таяуда осы «Шындық пен әділдіктің ақ семсері», «Бір сыр бар суреттерде айтылмаған», «Ізгілікке ұмтылу»» сияқты дүниелері «Атадан қалған жалғыз ұл» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. Қысқасы, өңірлік газеттердің тұрақты авторына айналған Жәкеңнің жарияланымдары газет беттерінде жарық көрмей қалса, оқырмандардың іздеп жүретіндерін естіп жүрміз. Халықтан биік сыншы жоқ. Осының өзі де табанды еңбектің рухани жетістікке айналғанының бір белгісін білдірмей ме?
Ұстаздар мерекесі қарсаңында университет ректоры, т.ғ.д., профессор Қ.А.Бисенов Жақсыбек Егізбайұлын педагогикалық қызметтегі көп жылғы жетістіктері үшін Қорқыт Ата атындағы алтын медальмен марапаттады. Бұл ересен еңбектің ескерілгені, бағаланғаны деп білеміз. Жақсыбек Егізбайұлы ағамыз бүгінде 75 жасқа келіп отыр. Мерейтойыңыз құтты болсын, еңбегіңіз жана берсін асыл ұстаз!

Жандос ЕСІРКЕПОВ,
педагогика ғылымының кандидаты, доцент.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР