ОҚО Кентауда жыл санап, мал басы артып келеді. Мемлекеттік «Құлан», «Сыбаға» бағдарламалары негізінде ірі қара мен етті мал көбейіп, жергілікті шаруалар ет экспорттау ісіне кіріскен. Бір ғана Қарнақ ауылында 20-дан астам азамат асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысып отыр. Тындырымды тірлігімен көпке үлгі болған шаруалар мемлекеттен бөлінген қаржыны шашау шығармай, орнымен жұмсауда, — дейді жергілікті басшылар. Қазір қарнақтық кәсіпкерлердің тәжірибесін Жамбыл облысының шаруалары да өздерінде қолдануда. Осы жерде өсірілген ірі қараны өзге аймақтың малымен будандастырып, мол табысқа қол жеткізуде. Бір ғана Исабек Тұрғынбековтың қорасында 200-ден аса сиыр мен 500-дей қойы бар. Қазір шаруа қожалығында жергілікті 6 азамат жұмыспен қамтылған. 50 шақты мал жемге қойылған. Жақын күндері сойып-сату бекетін іске қосуды жоспарлайды. Ол үшін қажетті құжаттарын жинап, мемлекеттік жәрдемге өтініш білдірген. Айтып өтейік, Қарнақ ауылында мал шаруашылығымен айналысатын 2 ірі кооператив бірігіп, шаруасын дөңгелетіп отыр.
П.Биназарқызы