«Өндірістік технологиялар және инжиниринг». ОҚО орталығы Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде осындай тақырыпта ғылыми конференция болып өтті. Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық шараға Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Германия, Франция, Ресей және Малайзиядан келген білгірлер ат салысты. Олар алқалы мәжілісте ІТ технологияны дамыту, энергия көздерін сақтау мен агроөнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Университет ғалымдарының жасаған инновациялық құралдары жергілікті диқандар арасында сұранысы жоғары ауыл шаруашылығы техникасына айналды. Оқу ордасында ұйымдастырылған халықаралық конференция кезінде мұны шетелдік ғалымдар да ерекше атап өтті. 46 елден келген 120-дан астам ғалым қазақстандық әріптестерінің жетістіктерімен танысты, тәжірибе алмасты.
Яшар Илмаз – техника ғылымдарының докторы, профессор /Түркия/: Соңғы жылдары Қазақстан ғылымның барлық салаларында үлкен ірі жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Осы жетістіктерге үлес қосып отырған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұжымының орны бөлек. Ғылым саласында көптеген жылдар бойы жоғарғы дәрежеге ие болып келеді. Бұған білім ордасының көптеген жетістіктері мен марапаттары дәлел. Бұл — ғылыми мектептердің ары қарай дамуының кепілі.
Шымкент – 2020 жылы ТМД мемлекеттерінің мәдени астанасы болып бекітілді. Осыған орай, ғалымдар 2 200 жылдық тарихы бар көне қаланың археологиялық ескерткіштерін қорғап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ұстаздардың ізденісі арқасында Отырар ауданында ежелгі Қаңлы мемлекетінің көне жәдігерлері табылды. Бесіншітөбе, Пышақшытөбе және Алтынтөбе қорымынан табылған дүниелер қазір зерттелу үстінде. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Бәсекеге қабілеттілік». Елбасы Жолдауында агроөндірістік кешенді дамыту мақсатындағы 6 бағыт атап көрсетілген. Осыны негізге алған университет ғалымдары бұрын еш жерде жарияланбаған жоба — көпфункционалды аспалы құрылғы ойлап тапты. Ғалымдар бұл тәсіл арқылы топырақтың құнарын сақтай отырып, егістік алқабынан мол өнім алуға болатынын айтады. Айта кетейік, халықаралық мәжіліске 300-ден астам мақала келіп түскен. Олар таяу күндері таңдамалы жинақ болып басылатын болады.
Гүлсанат Қалмырзақызы