02-09-2021
26.3 C
Шымкент

Мақта жинау науқаны қыза түсуде

Ордабасы ауданының Төрткүл ауылында мақта қабылдау бекеттерiнiң қамбасы «ақ алтынға» толуда. Соның бiрi – «Нұр-Агро-73» мақта өңдеу зауыты. 2014 жылы iске кiрiскен бүгiнде ауылдағы 500 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отырған бұл серiктестiктiң қамбасында терiм басталғалы 12 мың тоннаға жуық шиттi мақта жиналыпты. Бұдан бөлек серiктестiктiң Жетiсайдағы мақта қабылдау бекетiнде тағы да 3 мың тоннадай «ақ алтын» дестеленген. «Шүкiр, шаруалардың көңiл-күйлерi жақсы. Ауа райы да қолайлы болды. Гектарына 25 центнерден өнiм алып жатыр. Бұйырса, шашпай-төкпей жинап алсақ биыл қамбаға 25-30 мың тоннадай шиттi мақта түсуi керек» дейдi серiктестiк директорының орынбасары Мырзахан Батырбек.

Төрткүл ауыл округiне қарасты 10331 гектар суармалы жердiң 4737 гектарында мақта егiлген болса, оның 90 пайызы «Нұр-Агро-73» серiктестiгiнiң қамбасына жиналады екен. Қырманда Шардара, Ордабасы және Түркiстан аудандарынан жиналған шикiзат тау-тау болып дестеленiп тұр. Ал, жұмысшылары қызу, қарбалас тiршiлiк үстiнде. Зауыттың бас инженерi Фазыл Юсупов бiздi мақта өңдеу зауытының өндiрiс процесiмен таныстырды. Жұмысшылар 3 ауысымда жұмыс iстейдi екен. Мұнда қабылданған «ақ алтынның» зертханада талшығы сұрыпталады. Арнайы цехта кептiрiлген соң заманауи қондырғыларда түтiледi. Шитi мен талшығы бөлектенiп шитi Шымкенттегi май зауытына жөнелтiлсе, талшығы, яғни таза мақта бiр формада қатталып дайын өнiм ретiнде саудаға шығады. Бiрiншi сортынан бесiншi сортқа дейiн өңделетiн бұл зауыттың өнiмi негiзiнен Чехия, Белоруссия және Ресей мемлекеттерiне жiберiледi екен. Тәулiгiне 50-55, кейде 60 тоннаға дейiн таза талшық шығарылатын зауытта 220 тоннаға дейiн мақта өңделедi дейдi мамандар. «Мақтаның бағасы құбылып тұр. Әзiрге келiсi 165-170 теңгенiң көлемiнде. Мақта терiмi қарашаның ортасына дейiн барып қалады деп отырмыз» дейдi Мырзахан Батырбек. Серiктестiк жанынан шаруалармен фьючерстiк келiсiм жүргiзетiн «Рамазан Агро» серiктестiгi құрылыпты. Яғни ерте көктемнен егiстiк жерi болғанмен қол қысқалығынан егiнiн еге алмай отырған шаруаларды қаржымен, техникамен қамтамасыз етедi. Қашан өнiм алғанша қамқорлық жасайды. Бүгiнгi таңда серiктестiк меншiгiнде 45 мақта теретiн, өңдейтiн, тасымалдайтын комбайн, трактор, эксковатор сынды заманауи техникалар бар. Иә, қазiр «ауылына қарап әкiмiн таны» деген сөзден гөрi «ауылына қарап азаматын таны» деген сөз шынайырақ естiлетiн секiлдi. Себебi, ауыл әкiмiнiң қолында ешнәрсе жоқ. Ал, ауылдан шыққан кәсiпкер туған жерiн гүлдендiруге, тұрғындарын қамқорлыққа алып, жұмыспен қамтуға бiрден-бiр септiгiн тигiзе алады. Сол сияқты «Нұр-Агро-73» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң басшылығы да бүгiнде бiр қауым елдiң әжетiне жарап отыр. Аз қамтылған отбасыларға, мүгедек жандарға көмек қолын созып тұрады. Бұдан бөлек Шымкент қаласындағы аутизммен ауыратын науқас балаларға әлеуметтiк көмек көрсетедi. Төрткүл ауылының тұрғыны А. Елдос биыл 5 гектар жерге мақта егiптi. Шикiзатын осында өткiзген. Серiктестiк шаруа қожалық иесiн техникамен, басқа да қажеттi заттармен қамтыпты. Орта бағамен келiсiн 170 теңгеден есептегенде 1,5 млн. теңге пайда түседi деп отыр.

Н.Назарбекова

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР