06-09-2021
24.3 C
Шымкент

Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалады?

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә Назарбаевтың 100 нақты қадам ұлт жоспарының 84-қадамында «Әлеуметтік көмекке оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру. Әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына қатысуы жағдайында ғана берілетін болады» деп көрсетілгендей «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 28 қазандағы заңы қабылданып, ол 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Осыған сәйкес аудан халқын әлеуметтік төлемдердің қалай, қаншалықты, қай санаттағы тұрғындарға берілетіні жөнінде түсіндіріп, ақпараттандыру мақсатында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бақытжан Айтбаевпен сұхбат жүргізген болатынбыз.

-Бақытжан Жайлаубайұлы- аудан көлемінде 62 мыңға жуық халық, 11 мыңнан аса отбасы өмір сүріп, тіршілік етсе, соның ішінде әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға кімдер жатады?

-Дұрыс айтасыз. Ауданымыздың халық саны статистика бойынша 62 мыңнан асып жығылып, он бір мыңға жуық отбасы құрылады. Ауданымызда 27 мыңға жуық тұрғындар экономикалық белсенді халық болып саналады. Оның ішінде 19 мыңнан астамы тұрақты жүмыспен қамтылса, 6 мың адам өзін өзі жұмыспен қамтыған. Одан кейін зейнеткерлер, кәмелетке толмаған балалар, әр түрлі категориядағы еңбекке жарамсыз жандар. Жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыста белгіленген кедейлік шегінен төмен отбасылар, табысы аз отбасылар болып табылады.

-Облыс көлемінде кедейлік шегі халық санының қанша пайызын құрайды. Осы бойынша нақты түсінік берсеңіз.

-Жалпы кедейлік шегі әр тоқсан сайын өзгеріп отырады. Үстіміздегі жылдың IV тоқсанында ең төменгі күн көріс 23 141 теңге болып белгіленген. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2017 жылдың 3 тоқсанына 23 141 теңгені құраған ең төмен күн көріс деңгейінің 40 пайызы кедейлік шегінің мөлшері болып белгіленді.
Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмек көрсету өлшемі ретінде 2017 жылдың 4 тоқсанына 9256 теңге мөлшеріндегі кедейлік шегі пайдаланылады.
Сонымен қатар, ең төмен күн көріс деңгейі шамасының 60 пайызы мөлшерінде азық-түлік себетінің құны белгіленген, тиісінше балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау өлшемі ретінде 2017 жылдың 4-ші тоқсанына 13885 теңге мөлшеріндегі азық-түлік себетінің құны қолданылады. Аудан бойынша бүгінгі күнге 1107 отбасыға 4028 балаға 67 296,0 мың теңгенің 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы тағайындалып төленуде. Келесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күн көріс деңгейінің 50 пайызына жетпейтін отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек берілетін болады.

-Бақытжан Жайлаубайұлы атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалмайды. Осы жөнінде тарқатып түсіндіріп берсеңіз.
— Жан басына шаққандағы орташа табысы облыста белгіленген кедейлік шегінен асатын азаматтарға, кәмелетке толмаған балаларды, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарда, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитын балаларды қоспағанда, олар оқу орындарын бітіретін уақытқа дейін кәмелетке толғаннан кейін (бірақ жиырма үш жастан аспайтын) еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан отбасыларға және атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін жалған ақпарат пен анық емес (қолдан жасалған) құжаттарды ұсынған адамдарға тағайындалмайды.

-Сонымен, атаулы әлеуметтік көмек қандай түрде көрсетіледі, осы жағын айтып жіберсеңіз. 
-Атаулы әлеуметтік көмек шартсыз ақшалай көмек және шартты ақшалай көмек түрінде көрсетіледі.

-Шартсыз, шартты ақшалай көмекті қалай көрсетіледі, жеке-жеке айтып берсеңіз.
-Шартсыз ақшалай көмек жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызілікті және жалғаз тұратын табысы аз адамдарға, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру» туралы Қазақстан Республикасының заңы 11 бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына, I, II топтағы мүгедектігіне, екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруының болуына байланысты және отбасының барлық еңбекке қабілетті мүшелері бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын немесе жеті жасқа дейінгі баланы , мүгедек баланы, I не II топтағы мүгедекті, бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж қартты бағып күтуді жүзеге асыратын табысы аз отбасыларға көрсетіледі.
Ал, шартты ақшалай көмек жалғызілікті және жалғыз тұратын еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға, сондай-ақ өзінің құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар табысы аз отбасыларға ол жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда көрсетіледі.

-Атаулы әлеуметтік көмек қанша мерзімге тағайындалып төленеді?
-Шартсыз ақшалай көмек алдыңғы тоқсанға тағайындалады және ай сайын төленеді.
Шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісім шарттың қолданылу кезеңіне тағайындалады және әлеуметтік келісім шартты белгіленген кезеңге ай сайын немесе бір жолға төленеді. Шартты ақшалай көмектің біржолғы төлем сомасы тек қана әлеуметтік келісім шарт бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты дамытуға (малды құсты сатып алу және басқа) дара кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға пайдаланылады. Алдыңғы қарыздарды өтеуге, тұрғын үй сатып алуға берілмейді.

-Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі туралы айтып өтсеңіз.
-Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге арналған тиісті бюджетте көзделген сомалар жөнінде аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жүзеге асырады.
Атаулы әлеуметтік көмек оны алуға құқығы бар әрбір отбасы мүшесіне тағайындалады.

-Мәселен, отбасы құрамына кімдер кіреді?
-Орынды сұрақ. Толық мемлекеттік қамсыздандырудағы, мерзімді әскери қызметте жүрген және бас бостандығынан айыру орындарындағы, мәжбүрлі емдеудегі адамдардан басқа адамдар отбасы құрамына кіреді.

-Атаулы әлеуметтік көмек алушылар кімге жүгінеді. Осы бойынша тарқатып, түсіндіріп берсеңіз.
-Аудандық жұмыспен қамту орталығы немесе ауыл, кент округтері әкімдері құжаттарды тіркейді және өтініш берушіге құжаттарды қабылданғаны туралы растама береді. Қабылданған құжаттарды екі жұмыс күні ішінде оларды қорытынды дайындау үшін учаскелік комиссияларға береді. Учаскелік комиссиялар он бес жұмыс күнінен кешіктірмей, қорытынды дайындап, жұмыспен қамту орталығына береді.
Өтінішпен бірге әр отбасы мүшесінің жеке куәлігі, жеке қосалқы шаруашылығының бар болуы туралы мәлімет, банк шотының нөмірі туралы мәлімет, баланың (барлық балаларға) туу (қайтыс болу) туралы куәлігі, өтініш беруші мәліметтерінің бала туу туралы куәлігіндегі мәліметтермен қайшылығы болған кезде неке жасасуды (некені бұзуды) тіркеу туралы куәлік тапсыра отырып негізгі құжаттар пакетін ұсынса, сондай-ақ қосалқы құжаттар пакеті бойынша еңбекке жарамды отбасы мүшелері үшін, қосымша тиесілі: жұмыс іздеп жүрген тұлға ретінде тіркеуге өтініш, еңбек қайраткерлігін растайтын құжат (бар болған жағдайда), білімі, квалификация, арнаулы білімнің бар болуы немесе кәсіби дайындығы (бар болған жағдайда) жайлы құжат, 16 жасқа толмаған тұлғаның атынан ата анасы немесе заңды өкілдерінің біреуінің еңбек қызметін жүзеге асыруға келісімі туралы еркін түрдегі жазбаша арызы ұсынылады.
Үшінші тұлғалармен өтініш беру атаулы әлеуметтік көмекті алуға құқығы бар адамның нотариалды түрде куәландырылған сенімхаты бойынша жүзеге асырылады.
Құжаттар өтініш берушімен түпнұсқалар және көшірмелер түрінде салыстырып тексеру үшін ұсынылады.

-Көпті елеңдететіп отырған бірқатар сұрақтарға нақты жауап алдық. Енді, аудан тұрғындарына жаңа заң бойынша насихат түсіндіру жұмыстары жүргізіледі ме?
-Әрине. Бұл шара бойынша арнайы жұмысшы топ құрылып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан іске асатын жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібінің өзгеруі бойынша, аудан әкімінің орынбасары Б.Айдарбековтың бекіткен кестесіне сәйкес, 2017 жылдың 1 қарашасынан бастап барлық ауыл кент округтердің орталықтарында, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.

-Жалпы атаулы әлеуметтік көмек кімдерге, қалай берілетіні жөнінде бірқатар мағлұмат алдық. Заң шеңберіндегі орындалуға тиіс бағыттар жергілікті тұрғындарға түсінікті болады деп санаймыз. Сұхбат бергеніңзге рахмет. Істеріңізге сәттілік.

Сұхбатты жүргізген
Нұржамал МАЙУСОВА

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР