Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету — әрбір азаматтың парызы. Жаны жомарт, қалталы кәсіпкерлер бұл тұста аянып қалған емес. Жыл он екі ай Алла жеткізген несібесімен бөлісуде. Игі шараның бірі Мақтарал ауданы Асықата кентінде «Шын жүректен» және «Біз біргеміз» деген атаулармен өтті. Қайырымдылық акциясы кімдерге бағытталды? Мақтаралда көмекке зәру жандар, тағдыр талқысында қалғандар назардан тыс қалған емес. Кәсіпкерлер, іскер азаматтар аудан көлеміндегі аз қамтамасыз етілген, мүгедек жандарға, жалғызілікті қарттарға акция ұйымдастырды.
Әділхан Әбжанов – Мақтарал аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы: Бұл акция осы айдың соңына дейін жалғасатын болады. Әр түрлі іс-шаралар өтеді. Концерттер өткізіп жатырмыз. Және елдімекендегі ауыл әкімдіктерінің бәрі өздерінің өңірінде тұратын азаматтарға, сол ауылда тұратын жеке кәсіпкерлерден өтініш жасап, үйлеріне дәм-тұз апарып беру жалғасын табатын болады, жалғасып жатыр.
Жәрдемге мұқтаж жандарға керек кезінде қол созу — сауапты іс. Акция аясында аудандағы мүгедек жандарға азық-түліктер табыс етілді.
Төлеш Шырынбеков – ІІ топтағы мүгедек: Мұны қазақша айтқанда қайыр садақа дейді. Мүгедектерге беріп жатқан заттарың қабыл болсын, шырағым! Әр жылы осындай өтіп тұрады. Менің үйімде екі мүгедегім бар. Ол мүгедектерге менің ағайыным, менің өзім жасамаған қамқорлықты осы азаматтар, осы республиканың басында отырған азаматтар жасап жатыр. Мың жасаңдар , қазақ халқының беделі арта берсін. Мүгедегіне қараған ел жаман болмайды.
Қайырымдылық — қоғамның имани келбеті. Адамның асыл қасиеттерінің бірі. Егер қоғамда осы ұстаным кең таралар болса, еліміздің ертеңі де жарқын болады. Айта кетейік, ауданда 11 мыңға тарта мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Оның ішінде 300-ге тарта бала, 200-ге жуық жалғызілікті қария бар.
НҰРМАХАН Кенжехан