Өнегелі ұрпақ тәрбиесі отбасы татулығынан басталады. Ұлағатты ұл, ибалы қыз тәрбиелеп, оларды өмір бәсекесіне қабілетті етуде ата-ананың ересен еңбегі қажет. Бұл ретте салт-дәстүрге берік, ата-баба аманатына адал болу да үлкен мәнге ие. Осы қағидаларды назарға алған түркістандық аналар алқалы жиында бас қосты. Елбасы мақаласында айтылған ұлттық код, ұлттық прагматизм тақырыптарында терең әңгіме өрбітті. ОҚО Түркістан – рухани орда. Тарихи мекенде салт-дәстүрдің озық үлгісі сақталған. Жастардың ел тізгінін ұстайтын, бәсекеге қабілетті болып өсуіне жергілікті кітапханалардың да ықпалы зор. Сондықтан да әжелер мен өнегелі аналар дәл осы кітапханада бас қосты. Қоғамда отбасы мәртебесін көтеріп, некенің қағидаттарын берік ұстау – өзекті мәселе. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін бүлдіршіндердің дұрыс бағытта тәрбиеленуі ана мен әке еншісінде. Жас буынды салт-дәстүрге негіздеп, тәрбиелеу ұлттық кодты сақтаумен пара-пар. Жиында сөз алған әжелер қауымы жас аналарға ұлағат айтты. Ұсынылған бейнеролик пен кітаптар көрмесі қалың көрерменнің жүрегіне ұя салды. Елбасы екшеген рухани жаңғыру отбасынан басталатыны айтылды.
ПЕРИЗАТ Биназарқызы