16-04-2022
25.3 C
Шымкент

Американың алмасын Шарбұлақтан табасың…

ОҚО Қазығұрт ауданының брендiне айналған «Аманкелдi» шаруа қожалығы бүгiнде «Аман АгроСервис» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативiнiң құрамына енген. Ел азаматтары бiрлесiп iс тындырып, өнiмдi ұлғайтпаққа ниет етiптi. Қызылқия ауыл округiне қарасты Ынталы ауылында орналасқан «Аманкелдi» ЖШС-нiң жемiс-жидек сақтайтын қоймасы бүгiнде облыстың мақтанышына айналған. Мұнда 2 тонна жемiс сақтауға болады. Қазiргi таңда «АманАгроСервис» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативiнiң құрамында 38 адам жұмыс iстейдi. Кооператив төрағасы Мәди Тайсалов «Кооперативiмiздiң еншiсiнде 25100 гектар жер бар. Олар Қазығұрт, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Шымкент және Арыс қаласында орналасқан. 1000-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Өнiмдерiмiз елiмiзден бөлек көршiлес Ресейге де экспортталып жатыр. Алма, шие, шабдалы, алхоры, өрiк, алмұрт және жүзiм өсiрiледi. Биыл өнiмдерiмiздi баудың басынан келiп сатып алушылар көп болды. Сондықтан қоймамызда жемiс аз. Себебi, сұраныс өте жоғары. «Аманкелдi» ЖШС-нiң базасында құрылған «АманАгроСервис» кооперативi биылдан бастап жемiс-жидектi консервiлеу жұмысын да қолға алды. Кооперативтiң бiр артықшылығы, бұрын әрбiр кәсiпкер субсидия алу үшiн құжат әзiрлесе, қазiр кооператив атынан бiр өтiнiм жiберiледi. Тыңайтқышқа да, өзге көмектерге де ие болып отырмыз» дей келе Италиядан әкелiнген алма тұқымдарының Қазығұрт ауданына жерсiнiп кеткенiн де айтты. Шетелдiк тұқым демекшi, Шарбұлақ ауыл округiндегi «Бiрлiк–2020» шаруа қожалығы Еуропа мен Азияны былай қойып, сонау АҚШ-тан «Джонотан» және «Голден делишес» деген алма көшетiн әкелiптi. Шаруа қожалығының төрағасы Әдiл Батырбековтiң айтуынша, бұл көшеттер 3 жылда жемiс бермек. – Бұрын бидай егiлген аумақты суармалы жерге айналдырып, 10 гектар жерге 9400 көшет ектiк. Құдық қазып, насос орнаттық. Тамшылатып суару әдiсiн қолданып жатырмыз. Бұйырса, әр түп ағаштан 50 келi өнiм аламыз деген жоспар бар. Себебi, АҚШ-тан әкелiнген ағаштың бiр алмасының өзi 150 грамға жетедi. Алмаға қосымша алхоры да егемiз. Ағаш өсiру оңай емес. Талмай еңбектенiп, бейнеттiң зейнетiн көрсек деген ниет бар, – дейдi ол. Мiне, қазығұрттық диқандар ештеңеден қорықпай түрлi тәжiрибелердi өндiрiске енгiзiп жатыр. Аудандық кәсiпкерлiк бөлiмiнiң хабарлауынша, Қазығұртта 7300-ден астам шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiсi бар. Кәсiпкерлiк саласында 11300 адам нәпақасын тауып жүр. Бұл – аудан тұрғындарының 24 пайызы.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР