test
01-07-2024
29.3 C
Шымкент

Өндірісі өркендеген

Облыстық кәсiпкерлiк, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Ордабасы ауданына жасалған пресс-тур аясында өңiрдегi бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi алдымен Бадам ауылында орналасқан «Аделя» жылыжайына ат басын бұрды.  Қазiргi таңда 16 гектарға жылыжай салып, 11 гектарға қияр мен 5 гектар жерге қызанақ өсiрiп отырған бұл қожалық 2011 жылдан берi жұмыс iстеп келедi. Қожалық директоры Бахтияр Асылбековтың айтуынша, алғашында 5, үш жылдан соң 11 гектарға жылыжай өсiрiлген. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңiлдетiлген несие алған бұл шаруашылық бүгiнде едәуiр жетiстiкке қол жеткiзген. Жылына 4 мың тонна көлемiнде жемiс алады. Бүгінде 150 адамға дейiн жұмыс iстеп тұрған шаруашылықта маусым кездерi 180 адамға дейiн жұмыспен қамтылады. Жылыжайдағы орташа жалақы 80 мың теңгенiң төңiрегiнде. Қожалық директорының айтуынша, қызметкерлердiң тәжiрибесiне, еңбек өтiлiне, жұмыс iстеу қабiлетiне қарай жалақы төленедi. Сондай-ақ, еңбеккерлердiң жұмысқа қатынауы үшiн арнайы автобус қойылған. «Өнiмнiң 90-95 пайызы экспортқа шығады. Басым бөлiгiн Ресейдің Новосибирск, Барнаул қалаларына жөнелтiп жатырмыз. Алматы, Астана қалаларына да жiберiп тұрамыз. Бiрқатар қалаларда сауда нүктелерiмiз де бар. Жалпы, өнiмiмiз 100 пайыз табиғи, экологиялық таза. Гербицид не болмаса аммиак қолданбаймыз» дейдi Бахтияр Асылбеков. Одан соң «Бадам» индустриялық аймағындағы ең соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған «Бөрте-Милка» кешендi сүт фермасына аялдадық. Құрылтайшысы және бас директоры Нұралы Әбіштің айтуынша, «Бөрте-Милка» – шведтiк DeLaval компаниясының ең заманауи технологиясын толығымен пайдаланып отырған Орта Азия бойынша жалғыз ферма. Мұнда Голландиядан әкелiнген сүттi бағыттағы сиырларға барлық жағдай жасалынған. Барлық жұмысты роботтар атқарады. DeLaval компаниясының қызметкерлерi барлық қондырғыны өздерi орнатып берген. Сонда роботтар не iстейдi дейсiздер ғой? Сауын сиырлар кезегi келгенде сауылатын бөлмеге бiртiндеп кiреді. Роботтың көмегiмен алдымен сиырдың желiнi жуылып, одан соң сауылады. Тiптi, компьютерде қай желiнiнде қанша сүт бар екенi де көрiнiп тұрады. Сауылып болған соң автоматты түрде робот желiндi майлап, сиыр тұрған жер жуылып, тазаланады. Егер жаздыкүнi қора iшi ысып кетсе, салқындату жүйесi автоматты түрде iске қосылады. Тiптi, олардың тойғанын анықтайтын камералар да орнатылған. Бас директор Нұралы Әбiштiң айтуынша, роботтандырылған тауарлы-сүт фермасына 2,4 млрд. теңге инвестиция құйылған. Асыл тұқымды «гольд­штейн фриз» сиырының 700-I бар. Әрқайсысына бiрегей коды бар чип орнатылған. Сауын сиыр туралы ақпарат компьютерге түседi. Әр сиырдан тәулiгiне 30-40 литр сүт сауылады. Бiр тәулiкте шамамен 10 тонна сүт жиналады» дейдi ол. Жаңа туған бұзау осында үш күн «роддомда» болса, үш ай арнайы құрылған «балабақшада» өсiрiледi. Яғни үш ай бойы күнiне 6 литр сүтпен, қосымша жем-шөппен тамақтанады. Қолдан ұрықтандырылған буаз сиырлар ақпан айында жаппай бұзаулайды деп күтiп отыр. Компания жақында тәулiгiне 50 тонна сүттi өңдеуге қауқарлы сүт өңдеу зауытын ашқалы отыр. Әзiрге өздерiнен шығатын 10 тонна сүтпен қоса ауыл-аймақтағы кооперация ретiнде ашылатын сүт жинау бекеттерiнен тасымалдамақ. Кәсiпорын қаймақ пен айран, iрiмшiк және балаларға арнап «Бөрте-Милка» йогуртының 6 түрiн шығармақ. Кәсiпкердiң айтуынша, қазiргi таңда зауыт iске қосылуға толықтай дерлiк дайын.

«Тауарлы-сүт фермасын ашқанымызға жуырда екi жыл толады. Шүкiр, өз жемiсiн бердi. Ендi өзiмiзде шығарылған сүттi терең өңдеу үшiн 100 пайыз таза, табиғи сүт өнiмдерiн өндiрудi қолға алып жатырмыз. Шыны керек, қазiр экологиялық таза сүт жоқтың қасы. Бары халыққа жетпейдi. Ал, дүкендердегi сақтау мерзiмi 6 ай деп жазылған сүттер өнiм емес. Табиғи сүт ары кетсе 1 апта ғана сақталады. Бiздiң мақсат – халықты табиғи сүтпен қамту» дейдi бас директор. Таяу күндерi жұмысын бастайтын зауытқа 1 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. «Даму» қоры арқылы жеңiлдетiлген пайызбен несиеге қол жеткiзген. Келесi сапар Шымкент қаласындағы «Сити-Строй» ЖШС-iнде жалғасын тапты. Аталмыш құрылыс компаниясының жанынан асфальт-бетон шығаратын зауыт ашылыпты. Жоба құны 280 млн. теңгенi құрайтын нысанның құрылысы 2015 жылы басталып, жуырда қыркүйек айында iске қосылған. Зауыт директоры Фахриддин Ахметов мұнда сағатына 100 тонна асфальт, 60 тонна бетон шығатынын айтады. Сондай-ақ, мұнда эмульсия өндiретiн қондырғы да бар. Зауыт өнiмдерi әзiрге құрылыс компаниясының өз қажеттігіне ғана жұмсалып жатыр. Компания жол және тұрғын үй салумен айналысады. Ал, мемлекет тарапынан зауытқа керектi шикiзат үшiн жер қойнауын пайдалануға рұқсат қағазы берiлген. «Мұның өзi де үлкен көмек» дейдi Ф.Ахметов. Заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыт жұмысының басым бөлiгi компьютермен басқарылады.

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР