04-09-2021
24.3 C
Шымкент

65 жас кәсіпкерлер мектебін бітірді

Облыстағы кәсіпкерлер мектебін тағы 65 жас бітіріп, арнайы сертификатқа ие болды. Олар бизнеске қажет құжаттармен танысып, тауар, қызмет көрсетулердің озат тәжірибелерін меңгерді. Айтып өту керек, өңірімізде былтырдан бері 135 жас кәсіпкерлік мектебін бітірген. Олар үшін қазір қысқа курстардың қолжетімділігін арттыру – басты назарда. Бес күндік курстың жастарға берері мол. Өйткені, осы уақыт ішінде  жастар бизнес бастаудың тетіктерін үйреніп, құжат жүзінде жоспар түзуді меңгереді. Өз бизнес-жобаларын түзіп, мемлекеттік грантты ұтып алуға қатысады. Мәселен, өткен жылы осы мектепті бітірген алты жас арнайы грантты жеңіп алған. Биылғы түлектер де үлкен мүмкіндіктерге ие.

Қанат Әбілдәбеков – бизнес-тренер: Әр баланың ұтып алған бизнес идеясына бірнеше талаптар бар. Біріншіден, идея жаңа болуы керек. Екіншіден, сол идеядан табыс таба алатын жағдайда болуы керек. Үшіншіден, сол жобаның әлеуметтік маңызы болуы керек.

Биыл кәсіпкерлік негіздерін үйрену үшін Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті мен «Мирас» университетінің түлектері ниет білдірген. Олар оқудан тыс уақытта кәсіпкерлер палатасына барып, білімін жетілдірген. Бизнес-жоспар түзіп, одан қалай пайда табуға болады? Соны білді. Ал, бизнес-тренерлер жастарға 300 түрлі кәсіптің қыр-сырын ашты. Енді қатысушылар соның ішінен өздері қалаған кез-келген жобаны жүзеге асыру мүмкіндігіне ие. Елімізде жастардың бизнеске деген жігерін жану үшін жыл сайын мемлекеттен арнайы гранттар бөлінеді. Қайтарымсыз берілетін несиелер де — кейінгі толқынды қолдаудың тиімді тетігі.

МАҚСҰТ  Жарылқасын

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР