02-09-2021
20.3 C
Шымкент

Ұмыт қалған дәстүрді қайта жаңғыртты

Ұмыт болған әдет-ғұрып қайта жаңғыруда. Қазақ халқы әр іс-шараның басталу және аяқталу сәтін текке өткізбеген. Қандай істі болмасын елеп-ескеріп, соған сәйкес әдеп-ғұрпы мен ырым-тыйымын жасаған. Соның бірі — бүгінгі ұрпақ біле бермейтін тулақ шашу салты. Арыс қаласының тұрғындары ертеден қолданылып, қазір ұмыт қалған дәстүрді қайта жаңғыртты.  «Тулақ шашу» — жүн сабарда және сабап болғаннан кейін берілетін шашу табағы. Мұны көбінесе әйелдер жасайды. Киіз, текемет басатын үй оған қатысатын әйелдерге арнайы дәстүрін міндетті түрде жасап отырған. Мына әжелердің барлығы киіз басу рәсіміне қатысу үшін жиналған. Олардың барлығы ұлттық киім киіп, шашуларын шашты. Ал жас келіндер үлкендерге сәлем беріп, кезіндегі қазақ аулының тыныс-тіршілігін жаңғыртты. Қазіргі ұрпаққа ата-бабамыз текеметті қалай жасағанын көрсетпек болған апалар шаруаны жүн сабаудан бастады. Жүн сабау бір қараған адамға өте оңай көрінуі мүмкін. Бірақ оның өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Сол тәсілдерді меңгермесең, дұрыс сабай алмайсың дейді әжелер.  Әжелер мен әйелдер текеметке қолданатын қойдың жүнін де әзірлеп те болды. Келесі кезекте дайын болған жүнді тоқылған шидің үстіне төсеп, оның бетіне алдын ала дайындалған түрлі-түсті шүйкелермен ою-өрнек салынды. Көпті көрген әжелердің айтуынша, текемет бетіне түсірілген оюлардың әр түрінің өзіндік мағынасы бар.  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көптің демеуімен әп-сәтте ою-өрнек те төселді. Түрлі-түсті шүйкелерден бедерленіп салынған оюлар көздің жауын алады. Енді оның бетіне қайнаған ыстық су бүркіліп, астындағы тоқылған шимен қоса шиыршықтап бүктеледі. Әжелер мұның сыры жүннің нығыздалып, киіздің біркелкі басылып шығуы үшін деп түсіндірді.  Әйелдердің жұмысы осымен аяқталды. Ендігі кезек ауылдың жас жігіттерінде. Олар киізді теуіп, өз міндеттерін атқарды. Осылайша улап-шулап тулақ шашу мерекесін өткізген халайық жырдан да шашу шашып, арқа-жарқа болып тарқасты.

Жанерке Хұмар

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР