01-04-2022
16.3 C
Шымкент

Ұлттық нақыштағы мейрамхана ашылды

Емдік қасиеті өткен ғасырдың орта шегінде-ақ белгілі болған Сарыағаш шипажайларының бүгінде ауқымы кеңейіп отыр. Демалушыларға жоғары сапалы қызмет көрсететін «Қазақстан KZ» шипажайы жанынан ұлттық нақыштағы мейрамхана ашылды. «Алтын қазына» демалыс орны қонақтарын қазақы ас-дәммен қуаттандарып, ата-баба дәстүрімен қауыштырады. Қазақстанның қасиетті сулы шипажайына бастайтын жол — Көктерек ауылы. Елдімекеннің  қақ төрінен орын тепкен  этнографиялық мейрамхана ауыл келбетіне ұлттық нақыш сіңіріп,  қазақы мәдениетті дәріптеп тұрғандай. 400 орынға лайықталған мейрамхана залы қыз ұзату, тұсаукесер, көкпар тәрізді ұлттық салт-дәстүрлерімізді бей­нелейтін әдемі көріністермен безен­дірілген. Ерекше дизайндағы мейрамханаға қазақ эстрадасының көрнекі өкілдері де жоғары бағасын берді. Қайталанбас сәулетке ие екенін айтыи, әннен шашу шашты. Отбасылық бизнесті елден ерте бастаған Майраш Нұрманқызы  бүгінде аймақтағы әлеуметтік нысандар мен тарихи ескерткіштердің құрылысына  демеушілік жасап жүр. Өзі ашқан шипажайға қарияларды, көпбалалы аналар мен науқас балаларды тегін ем алуға шақырады. Тұрақты түрде қамқорлық жасап тұрады. Енді міне, іскерлігін тағы бір дәлелдеп, жаңа нысанды іске қосты. «Бизнесіме шығармашылық жұмыс ретінде қараймын. Көштен қалмау керек. Алдағы жылдарға жоспар құрып, қай деңгейден көріне алатынымды бағамдауға тырысамын», — дейді кәсіпкер ана. Саялы мекеннің туристік әлеуетін көтеру үшін мұндай жобалар әлі де әзірлену үстінде. Өйткені, таза ауа, емдік қасиеті мол мөлдір суды қоспағанда, мұндағы ем-дом қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып отыр. Олар шипажайды өздері іздеп келетін болған.

ГҮЛЖАУХАР Ахметқызы 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР