Балықтарды ғылыми негізде аулау, өсіру, жерсіндіру жұмыстары олардың әрбір түрінің биологиялық ерекшеліктерін есепке ала отырып жүргізгенде ғана тиісті нәтиже береді. Сонымен қатар балықтардың қандай ағзалармен қоректенетінін, олардың жем жөнінен өзара бәсекелестігін білу, балықтың қай түрін сан жағынан ықшамдау керектігін ғылыми тұрғыдан негіздеп отыруға мүмкіндік береді. Әрбір судың балық қорын тиімді пайдалануда жыртқыш және жас балықтар арасындағы арақатынасты сақтай білудің, суда жыртқыш балықтардың шамадан тыс молайып кетуіне жол бермеудің маңызы ерекше.
Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасында кәсіптік тауар балық шаруашылығының дағдарысы сонау Кеңес дәуірінде жасақталған аквамәдени технологияның жобасымен жасалғандықтан, қазіргі нарықтық экономиканың бағытына төтеп бере алмады.Тәжірибе жүзінде бұл технология нарықтық балықшаруашылығында тиімсіз болып саналды. Бірақ кей жерлердегі балық өсірумен балық шаруашылығының тұрақтылығын ұйымдастыру әрекеті жаңа бағыт алды.
ҚР ауыл шаруашылығының өндірістерін қайта жандандыру аясында тауарлы балық аулау өндірістерінің табиғи су қоймаларында балық шаруашылығын ұйымдастырудың бірнеше әдістері жасалынды.
Бізде мұның көл-тоғандарға майда шабақ жіберіп, жерсіндіру әдісі қолданылуда, — дейді ауылшаруашылығындағы тиісті мамандар. Балық шаруашылығы егін мен мал өсіруге негізделген біздің аудан жағдайында тосын кәсіп. Десек те соңғы жылдары балық өсіруге қызығушылық танытушылар жаңалық әкелгендей болды өңірімізге.
Көктерек ауыл әкімдігіндегі «Нұрай» шаруа шаруашылығы биыл мамыр айында жасанды тоғанға төрт мың майда шабақтар жіберіп, жұмысын бастады. Мұның нәтиже беруіне екі-үш жыл бар. Ал бұдан бұрын балық өсіру кәсібін қолға алған оқо бәйдібек ауданы Мыңбұлақ ауыл әкімдігіндегі «Қазголдфиш» ЖШС-і 2014 жылы 700 мың майда шабақ жіберген «Досан-Қарабас» су қоймасына. Балық шаруашылығының алғашқы өнімін жақында облыс орталығында ауылшаруашылығы жәрмеңкесінде көрді көпшілік.
Қазір су қоймасында балықтың екі түрі — сазан мен «Белый амур» өсірілуде . Өнім әзірге облыс орталығына ғана жіберіліп, сатылымға шығарылуда екен. Жалпы құны 110 миллион теңгені құрайтын бұл жоба аясында бірқатар жұмыстарды жүргізу жоспарланған. Мәселен, балық өңдейтін цех ашып, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту жобаның маңызды бөлігі десек те болады. Алайда, қазір серіктестік бұл үдеден шыға алмай отырған сыңайлы.
Шаруашылықтың жұмысы бір арнаға түсіп, өнім молайса қолға алынар бәлкім. Көзін тапсаң, балық та табыс көзі. Қазір орташа 5-6 келі шығатын балық өнімдеріне деген сұраныс көбейіп жатса, жоба аясындағы жоспар іске асса, бізге тосын балық та табыс көзіне айналар еді. Бұл кәсіпке ынта-ықалас білдірушілер де көбейер еді.
Эльмира ЖАМАШОВА.