04-09-2021
20.3 C
Шымкент

«Туған жер» бағыты бойынша бiршама жұмыстар атқарылды

Елжандылық деген ұғым «Туған жерге туыңды тiк!» деген ұғымға саяды. Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасы – жалпыұлттық патриотизмнiң өзегi. Өлкетану, елдi мекендердi абаттандыру, тарихи ескерткiштер мен мәдени нысандарды қалпына келтiру – туған жердiң қайталанбас құндылықтары. Әрбiр жер атауларына байланысты ел жадында сақталған ғажайып аңыздар мен әңгiмелерге дейiн мән беру – бүгiнгi ұрпақтың мiндетi. Бәйдiбек ауданында қоғамдық сананы жаңғырту бағытында жасалынған iс-шаралар жоспарындағы «Туған жер» бағыты бойынша бiршама жұмыстар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, аудан аумағындағы барлық елдi мекендердiң тарихын, жер-су аттарын, табиғатын, тарихи-мәдени ескерткiштерiн, фольклорын зерттеп, материалдар жинақтау қолға алынған. Әр елдi мекеннiң тарихы, жер-су аттары, табиғаты, тарихы, мәдениет ескерткiштерi, сол ауылда туылған танымал тұлғалар туралы жинақталған материалдарды пайдалана отырып, мектептерде қосымша бiлiм берудi жүзеге асыру көзделген. Әр өңiрден, ауылдан түлеп ұшқан елге, өңiрге танымал тұлғалар, меценаттар, кәсiпкерлер, өнер иелерiнiң тiзiмiн жасақтау – игi iстердiң басы. «Туған жер» жобасы бойынша демеушiлiк жасауға ниет бiлдiрген азаматтармен жұмыстар жүргiзу, оларды тарта отырып, туған жерлерiн, оқыған мектептерiн көркейту, абаттандыру жұмыстарына демеушiлiк жасауды және тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетудi ұйымдастыру тиiстi қызметкерлерге жүктелген. Бұл бағытта бүгiнгi күнi туған жерге демеушiлiк жасау арқылы «Шаян» көпсалалы лицейi жанынан футбол алаңы, Алғабас, Жаңаталап, Кеңестөбе, Жоғарғы Боралдай ауылдарына қақпа орнатылса, Абай атындағы жалпы орта мектебi алдына асфальт төселдi. Тасқұдықта балалар ойын алаңы, Жүзiмдiкте балалар саябағы пайдалануға берiлдi. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Ендiгi кезекте әр ауылдағы мектептерге сол бiлiм ошағының түлегi, елге, өңiрге еңбегi сiңген, танымал тұлғалар, меценаттар, кәсiпкерлер, өнер иелерiне арналған құрмет тақтасын немесе бұрыш жасап, өскелең ұрпаққа үлгi ету мiндетi тұр. Жастардың бойына өз елiне деген мақтаныш пен Отанға деген сүйiспеншiлiктi қалыптастыруға бағытталған тәрбие сағаттарын тұрақты түрде өткiзу, оқушыларға тарихи ескерткiштер мен мәдени нысандарға экскурсиялар ұйымдастыру да жүйелi жүргiзiле бастады. Мәдениет мекемелерi мен елдi мекендерде «Өлкемiздiң дара тұлғалары» атты ақын-жазушылардың, шығармашылық, әдеби кештер, кiтап көрмелерiн, «Бiр ел – бiр кiтап», «Бiр өлке – бiр кiтап» акцияларын, мұражай қорын байыта түсу мақсатында «Өшпес мұра» атты акциясын, «Дархан далам» атты суретшiлер көрмесiн, «Туған жер», «Ауылым – алтын бесiгiм» өнер фестивальдерiн, «Өнерiм саған – ауылым» атты концерттiк бағдарламаны, ауылдарға гастрольдiк iссапарларды ұйымдастыру жоспарланған. Жобадағы тағы бiр атап өтетiн мәселе «Ажарлы үй – ырысты» деп аталатын ерекше iс-шара ұйымдастырылып отыр. Бұл iс-шараның ең басты мақсаты әрбiр тұрғын өз меншiгiндегi ғимаратты ретке келтiрiп, қоршауларын, шарбақтардың сыртқы жағын бояу, әктеу, iргелес аумақтарды жинау, қасбеттерiн жаңарту жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға тиiс. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөз бар. Отбасы жиыны елдi мекендi, ал, елдi мекендер жиынтығы тұтас мемлекетiмiздi құрайды. Әрқайсысымыз өз үйiмiздi ретке келтiру арқылы елiмiздiң көркiн аша түсуге үлес қосуымыз қажет.+

Мақсат ҚАРҒАБАЙ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Бәйдiбек ауданы.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР