24-05-2021
27.3 C
Шымкент

 600-ДЕН АСТАМ ЖАС ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Шымкент қаласында азаматтарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты – жастар практикасы азаматтардың жұмыс табуына септігін тигізуде.
Жастар практиикасы түлектердің меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында ұйымдастырылған. Биыл қалалық жұмыспен қамту орталығы тарапынан 2500 жасты аталған бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланған. Жастар практикасы бойынша тәжірибе жинақтап жүрген түлектерге жалақы төленеді. Жыл басынан бері 600-ден астам шымкенттік жас тәжирибеден өтуде.
Айбарша Бескен – осы бағдарлама арқылы қаладағы «Назира-Б» балабақшасына жолдама алғандардың бірі. 2020 жылы «Сайрам» медициналық колледжін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп, жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелді. Биыл сәуір айынан бастап ол өз мамандығы бойынша балабақшада жұмыс істеуде.
– Мен оқуды бітірген соң еңбек өтілімім жоқ болғандықтан ұзақ уақыт жұмыс таба алмай жүрдім. Жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік желідегі парақшасында бағдарлама арқылы жұмысқа шақыру жөнінде хабарландыруды көріп, осындағы мамандардың көмегіне жүгіндім. Орталық мамандары маған бірнеше жұмыс орнын ұсынды. Бірақ өзімнің таңдауым балабақша болды. Уақытша болса да жұмысқа орналасқаныма қуаныштымын, – дейді 20 жасар бағдарлама қатысушысы.
Бағдарлама талабына сай, қатысушының жасы 29-дан аспауы тиіс және «жұмыссыз» мәртебесі болуы керек. Және соңғы үш жыл ішінде (2018-2020ж.) жоғары оқу орындары мен колледжердің түлектері бір-ақ рет қатыса алады.
Жалпы былтыр 3 мыңға жуық жас аталған бағдарламамен жұмыспен қамтылып, оның 536-сы тұрақты жұмысқа орналасты.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР